Биыл Сайрам ауданының шаруалары 2500 тонна етті экспорттауды жоспарлап отыр

Биыл Түркістан облысы Сайрам ауданының шаруалары екі жарым мың тонна етті шетелге экспорттауды жоспарлап отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өткен жылы карантинге байланысты көрші елдермен арадағы шекара жабылып, көптеген кәсіпкерлер ет өнімдерін өткізе алмай қиналған еді. Өңірдегі мал бордақылаумен айналысатын кәсіпкерлері енді етті қайда өткізіп жатыр? Ішкі және сыртқы нарықта қандай кедергілер бар?

Жандос Жұмабек, тілші:

- Бұл – Сайрам ауданы Қарамұрт ауылындағы 600 басқа арналған мал бордақылау алаңы. Қожалық 2011 жылы құрылған. Содан бері етті бағытта мал бордақылаумен айналысып келеді. Қазір мұнда ірі қарадан бөлек, жылқы да байланады.

Әбдіқайыл Бабанов, ферма меңгерушісі:

- Біз мұнда бордақыда тұрған жылқыларға күніне екі рет жем, бір рет шөп береміз. Суы әрдайым алдында тұрады. Бұлар жас мал болғандықтан тез семіреді. Жұмысымыз өзімізге ұнайды. Осындағы малдың бәрін 5-ақ адам қарап, бағамыз.

Ферма екі бөліктен тұрады. Бірінде Зеңгі баба тұқымы бордақыланса, екіншісінде Қамбар ата төлі байланған.

Жандос Жұмабек, тілші:

- Қазір мына біз тұрған қорада Ресейден әкелінген 300 бас тай бордақылаунда. Олар мұнда 3 ай байланады. Әбден семіргеннен кейін сойылып, Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларына жөнелтіледі.

Шаруашылықтың 50 басқа лайықталған өз сойыс алаңы бар. Онда күніне 50 бас іріқара сойылып, 11-12 тонна ет өндіріледі. Ал жылына 350 тонна ет шығарады. Бұдан бөлек, Қарамұрт ауылдық округінің өзінде осындай 4 мал бордақылау алаңы бар. Олардың барлығын қосқанда бір ауылдың өзінен жылына мың тонна ет өндіріледі. Былтыр осы уақытта карантин деп шекаралар жабылды. Бордақыланған малды Өзбекстанға тірідей өткізетін кәсіпкерлердің жұмысы тоқтады. Салдарынан ет экспорты төмендеді. Биыл ауыл кәсіпкерлері қалай әрекет етіп жатыр? Ет өнімдерін экспортқа шығаруда шектеулер бар ма?

Мамыржан Тажиев, Қарамұрт ауылдық округінің әкімі:

- Карантин кезінде барлық шекаралар жабылды ғой. Сол кезде расында да кішкене қиындық болған шығар. Бізде қазір етін шығарып жатыр. Арнайы сойыс алаңы бар. Сол жерде сояды. Ет сол жерден экспортқа шығып кетеді. Ешқандай қазір шаруаларға ондай кедергі жоқ.

Аудандық ауыл шаруашылығы саласы мамандарының айтуынша, 2019 жылы өңір кәсіпкерлері 36 мың тонна ет өндірген. Оның ішінде 16 мың бас қара малды Өзбекстанға тірідей өткізген. Былтыр каранинге байланысты бұған тыйым салғандықтан, шаруалардың басым бөлігі дайын өнімді ішкі нарыққа шығарды. Биыл мамандар еліміздегі эпидемиялық ахуал тұрақты болса, ішкі нарықтан бөлек, сыртқа екі жарым тонна ет өнімін жөнелтуді жоспарлап отыр.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашбекұлы