Алматы облысы Балқаш ауданында вирустың таралуы бәсеңдеді

Алматы облысының Балқаш ауданында коронавирус инфекциясын жұқтыру дерегі бәсеңдеді. Дегенмен, арқаны кеңге салуға болмайды. «Қызыл аймақтағы ауданда» қазір 40-қа жуық науқас ауруханада жатыр. 8 адам ауыр халде, қалғандарының жағдайы тұрақты. Аудандық аурухана дәрігерлері осылай деді.

Ардақ Айбарұлы, тілші:

- Балқаш ауданы бойынша сәуір айының басында бір күнде 23 адамнан коронавирус инфекциясын жұқтыру белгілері анықталса, қазір бұл көрсеткіш айтарлықтай төмендеген. Күніне 2-3 адамнан ауруханаға жатқызылып жатқан жайы бар. Бақбақты ауылындағы екінші деңгейлі инфекциялық аурулар ауруханасында қазір 30, Бақанас ауылында 8 адам ем қабылдап жатыр.

Балқаш ауданы бойынша бүгінге дейін 10484 ауыл тұрғынынан ПТР анықтамасы алынып, 198 адамның анализі оң нәтиже берді. Күллі әлемді жайлаған індеттің аудан орталығы Бақанас пен Бала Топар, Бақбақты, Ақдала ауылдарында кең тарағаны байқалады. Аудандық аурухана ғимаратында күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатқандықтан Бақбақты ауылындағы дәрігерлік амбулаториядан 100 төсек стационар құрылып, науқастарды қабылдай бастады.

Дәурен Иманәлиев, Балқаш аудандық орталық ауруханасының директоры:

- Жағдайлары тұрақты барлығы, емдерін алып жатыр. Жағдайы ауыр түскен науқастардың тоғызы кешегі күні шығарылды. Бүгінгі күні бесеуін шығарып жатырмыз үйіне. Осы індеттің екінші толқыны басталғалы бері екі өлім тіркелді.

Коронавирус инфекциясынан көз жұмған екі науқастың қант диабеті, 4-деңгейлі семіздік сияқты қосымша аурулары болған. Жақында тағы 50 адамнан анализ алынып, тексеруге жіберілді. Балқаш ауданы бойынша коронавирусқа қарсы егу пункттері 4 ауылда жасақталды. Ал шалғай ауылдарға жылжымалы егу кешені қызмет көрсетуде.

Райхан Әмреева, Балқаш аудандық орталық ауруханасының емхана бөлімінің аға мейірбикесі:

- Ауданға 950 вакцина бөлінген. Оның ішінде бүгінгі таңда 800-не салынды. Әлі де вакцинация жүруде.

Нұрлан Қойшығұлов, Бірлік ауылының тұрғыны:

- Бірінші вакцинамды алып отырмын өз еркімізбен келіп. Қазір прививканы алып, жарты сағат күтіп отырмыз дәрігерлердің бақылауында. Жарты сағаттан соң дәрігерлерге тексеріліп, үйімізге қайтамыз. Ешқандай реакция жоқ. Әуелі Аллаға, сосын дәрігерлерге сеніп отырмыз осы вакцинаны алып. Иммунитетті көтереді дейді.

Жағдайы ауыр 8 науқас Бақанастағы бірінші деңгейлі инфекциялық стационарға орналастырылды.

Ауру жұқтырғандардың дені егде және орта жастағы адамдар.

«Сондықтан аудан тұрғындарына карантин талаптарын қатаң сақтау керектігін ескертеміз», - дейді дәрігерлер.

Авторлар: Ардақ Айбарұлы, Қуаныш Түргенбаев