Нұр-Сұлтанда кеміргіштерге қарсы дератизациялық жұмыстар басталды

Елордада көктемгі дератизациялық жұмыстар бастау алды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кеміргіштерді жою жөніндегі іс-шаралар қаланың жеке секторы мен ашық аумақтар маңында жүргізілмек. Сала мамандары Нұр-Сұлтанның іргесіндегі елді мекендерде болып, тышқандарға қарсы тегін улы дәріні таратты. Тұрғындарға қауіпсіздік ережелерімен қоса оны пайдалану нұсқаулығын түсіндірді. Улы дәрі-дәрмектерді балалардың қолы жетпейтін орындарға қою қажет. Себебі дератизация жұмыстарына елімізде рұқсат етілген бромадиолон препаратын қамтитын улы дәнді дақылдар себіндісін пайдалана отырып жүргізіледі.

«Мұндай шаралар кеміргіштер санын азайту және аса қауіпті жұқпалы аурулардың таралуын болдырмау үшін қажет», - дейді іс-шараны ұйымдастырушылар. Биыл бас қаладағы 25 мыңнан астам тұрғын үйді өңдеу жоспарланып отыр. Сондай-ақ саябақтарда, өзен арналары мен су қоймаларының және зираттардың аумағындағы 3 112 гектарды құрайтын жерлерге де улы жем қойылатын болады. Ал коммерциялық нысандарға, көп пәтерлі тұрғын үй кешендеріне, денсаулық сақтау және білім беру нысандарына жеке шарттар негізінде қызмет көрсетіледі. Оның жұмысы қызмет көрсететін компания есебінен жүзеге асырылады.

Бағдангүл Майқиева, дезинфектор:

- Көктем кезінде жәндіктер тіріледі ғой. Соған дәрі таратып жатырмыз. Тұрғындарға «бала жоқ жерге сақтап па, басқа жақтарға көміңіздер» деп айтып жатырмыз. Жертөлеге немесе үй төбесіне қою керек. Маусымға қарай өзенге шығамыз, тағы да саябақтарға, зираттарға. Ол жақтарды да дәрілеп шығамыз.