429,33 519.25 5.73
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Теміртау экологиясын жақсарту жұмысы қалай жүзеге асады

  • 110
Теміртау экологиясын жақсарту жұмысы қалай жүзеге асады

Атмосфералық ауаның ластану деңгейі ең жоғары қалалар қатарына жататын Теміртауда экология мәселесі тағы да көтерілді.

Қара түсті қар мен қалың түтіннен арыла алмай келе жатқан қалада жағдайды реттеу үшін ең тиімді шаралар қабылданбақ. Мұндағы ең ірі ластаушы – «АрселорМиттал Теміртау» АҚ, деп хабарлады ЕГТРМ баспасөз қызметі.

Кәсіпорынның қоршаған ортаға шығарындылар көлемін 30% азайтуға арналған жаңа жоспарын қарастыру үшін өңірге ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев жұмыс сапарымен барды.

Теміртаудағы жиынға облыс әкімі Жеңіс Қасымбек, кәсіпорын басшылығы және экологтар мен қоғам белсенділері қатысты.

Басқосу қорытындысы бойынша табиғатты қорғау шараларының орындалу мерзімін қысқартып, шығарындылар көлемін төмендету жоспарына 2025 емес, 2024 жылы қолжеткізу мүмкіндігін бірлесе қарастыру келісілді.

«Бұл – шығарындыларды азайту бойынша қол қойылған екіжақты меморандумның аясындағы жұмыстың жалғасы. Біз соңғы рет осы жерде «АрселорМиттал» басшылығымен 20 қаңтарда кездесу өткізген болатынбыз. Сол кезде компания шығарындыларды 30% азайту бойынша жоспарды әзірлеуге үш ай уақыт сұраған еді. Сол себепті бүгін қаланың экологиялық проблемаларын талқылауға қайта жиналып отырмыз», - деді Мағзұм Мырзағалиев.

Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек 2020 жылы министрлікпен бірге өңірдің экологиялық проблемаларын шешу бойыша Жол картасы қабылданғанын атап өтті.

«Жол картасында 57 шара қаралса, оның 25-і қоршаған ортаға шығарындыларды азайтуға бағытталған. Жыл сайын Қарағанды облысы бойынша атмосфераға 590 мың тонна зиянды заттар шығарылады, оның 40% астамы, яғни 247 мың тоннасы Теміртау қаласына тиесілі. Мұның 86%-і «АрселорМиттал Теміртау» АҚ зауытынан шығады. (212,3 мың тонна). Зауыт шығарындылар көлемін төмендетуден бөлек, Теміртауға 5 жыл ішінде 500 мың ағаш егеді», - деп айтты Ж.Қасымбек.

«АрселорМиттал Теміртау» АҚ Бас директоры Биджу Наир тек 2024-2025 жылдарға дейін емес, одан кейінгі уақытта да қоршаған ортаны қорғауға қаржы бөліне беретіні туралы айтты.

«Шығарындыларды азайтудың жаңа стратегиясына сәйкес, зауыт балама экологиялық шараларды қолданады. Алдағы 5 жылда қоршаған ортаны жақсартуға кем дегенде 380 млн АҚШ доллар инвестиция cаламыз», - деді ол.

Еске салсақ, наурыз айында министрліктің Экологиялық реттеу және бақылау комитеті кәсіпорында жоспардан тыс тексеру өткізіп, әртүрлі көрсеткіштер бойынша нормативтердің рұқсат етілген нормадан асып кетуіне байланысты айыппұл салған. Сонымен бірге қоршаған ортаға келтірілген залал 1 млрд теңгеге бағаланған еді.

Хабар 24 телеарнасы