Түркістан облысының шалғай аудандарында екпе салдырғандар қатары артты

Дәрігерлердің айтуынша, халық вируспен күресудің тиімді жолы вакцина екенін түсіне бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазығұрт аудандық ауруханасындағы екпе салу орнына күніне жүздеген адам келеді. Аудан бойынша 11 мыңнан астам вакцинаға тапсырыс берілген. 2 сәуірден бастап 2110 адам вакцина алған. Оның ішінде медицина қызметкерлері, мұғалімдер, құқық қорғау органдарының мамандары және студенттер мен  тұрғындар бар. Жалпы Түркістан облысы бойынша бүгінгі күнге дейін 43 мың адам вакциналаудан өткен. Қоғамдық денсаулық басқармасының мәліметі бойынша жыл соңына дейін облыстың 950 мың тұрғынына коронавирусқа қарсы вакцина егу жоспарланып отыр.

Бағдат Байтанова, Қазығұрт ауданының тұрғыны:

- Алдағы уақытта ковидпен ауырмау үшін, отбасымды сақтап қалу үшін осы екпені салдыруды дұрыс деп таптым. Өз еркіммен келіп салдырып отырмын. Біздегі мекемедегі қызметкерлердің бәрі салдырды. Жағдайлары жақсы.

Наушарман Боранбаева, аудандық аурухана бас дәрігерінің орынбасары:

- Аудан халқының ішінде де вакцинаға деген қызығушылықтар көбейіп жатыр. Барлықтары өз еріктерімен салуға ниет жасап отыр. Медицина қызметкерлері толық қамтылды. Мұғаілмдер мен полицияларға алынып жатыр.