Қызылорда облысында 16 Еңбек Ері шыққан елді мекен бар

Шиелі ауданындағы Ақмая ауылының көп ұлтты тұрғындары ғасырға жуық уақыт бірлік пен тірліктің шамын жағып келеді. Жергілікті қазақтар эшалонмен жер аударылған корейлерді өзектен теппей қарсы алды. Ұлттар ұйысып, ұжымдаса қимылдап, қиындықты бірге еңсерді. Тұрмысты түзеп, ауылды көтерді.

Мәжбүрлі түрде қоныс аударып келген сәттер Александра Кимнің еміс-еміс есінде. Ойын баласы бола тұра байырғы ауыл тұрғындарының жылы құшақ, кең пейіл, ізгі ниетін бірден сезгенін айтады.

Александра Ким, Ақмая ауылының тұрғыны:

- Әлі есімде ұзыннан ұзақ қам кесектен жағалай салынған үй болатын. Сонда бірнеше отбасы қоныстандық. Кейін заман түзелгесін әр отбасыға жеке үйден берілді. Көршілеріміздің бәрі қазақ және бәрі көмектесуге ұмтылып тұратын. 

Өмірі еңбекпен өрілген әжей соғыстан кейінгі кезеңді де күрсіне еске алады. Қазіргі Ақмая, сол кездегі Авангард кеңшарында сол жылдары жаппай күріш егу қолға алына бастаған еді. 

Өткен ғасырдың 50 жылдары бейнеленген мына көріністерден еңбек адамдарының жанкешті ұмтылысын байқауға болады.

Қазір гүлденіп абаттанған ауылдың көшелерінде 16 Еңбек Ерінің суреттері ілулі тұр. Аға буынның ерік-жігерін кейінгі күрішшілер үлгі-өнеге тұтады. Соның бірі Герасим Пак. 70-ке келсе де кетпен-күрегі қолынан түспеген диқан «еңбек, бәрін жеңбек» қағидатын өмірлік ұстаным етіп келеді. 

Герасим Пак, Ақмая ауылының тұрғыны:

- Еңбек етсең емерсің. Бұл аса түсіндіруді қажет етпейтін нақыл сөз. Білек сыбанып, адал тірлік етсең міндетті түрде жемісін жейсің. Біз бейнеткеш аға буыннан осыны үйрендік. Жаман болған жоқпыз.

Ақмаялықтар үшін бірлік пен келісім мерекесінің маңызы ерек. Сондықтан жылда тойланады.  

Ауылдық клубтың сахнасын ән-жырға бөлеген әжелер ансамблінің құрамында Александра әжей де бар. 90 жастағы кейуана қазір шөпшегін бағып отыр. Немеренің қызығына бөленіп, шөберенің қолынан су ішіп, шөпшек сүю бақыты бұйырған Қазақстанды шексіз сүймеу мүмкін емес дейді, Александра Семенқызы. 

Қамбар Бекенов, Қанат Еңсебаев, Айтмұхамбет Бәйділдаев