Қостанайда машина құрастыру саласының мамандары даярланады

Қостанайда машина құрастыру саласының мамандары даярланады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өңірде келешекте «КамАЗ» зауытының шойын қорыту және жетекші белдемесі зауыты қолданысқа берілмек. Оның бой көтеруімен бірге автомобиль көлігі колледжінде саланың болашақ мамандары білім алуға кірісті. Бұл мақсатта облыстық қазынадан заманауи зертхана мен жатақхана құрылысы үшін қаражат бөлінді. Осы ретте ресейлік компания оқу орнымен әріптестік жөнінде үшжақты келісімге қол қойды. 

Студенттер кезекті тәжірибе сабағында КамАЗ моторын сұрыптап жатыр. Оқу базасы техниканы түбегейлі зерттеуге мүмкіндік береді. 

Михаил Рябченко, Автомобиль көлігі колледжінің 4-курс студенті:

Ақау болған жерлерді анықтаймыз. Техникалық қызмет көрсетіп, жөндеу жасаймыз. Қосалқы бөлшектерді алмастырып, қайта жинау мүмкіндігі қарастырылған.    

Колледжде «КамАЗ» жобасы екінші жыл жүзеге асып келеді. Құрылысы басталған шойын қорыту және жетекші белдеме шығаратын зауыттар үшін мамандар қазірден даярланып жатыр.

Дмитрий Павленко, Автомобиль көлігі колледжінің директоры:

– Біздің колледж осы зауыттар үшін білікті кадр дайындайтын база боп белгіленді. Былтыр бізде облыста бұрын-соңды болмаған бес жаңа мамандық бойынша курстар ашылды.

Былтыр ашылған жаңа мамандықтар бойынша 125 студент қабылданды. Биыл да қатары осынша көлемде болады.

Әділ Жұмағұлов, Автомобиль көлігі колледжінің 1-курс студенті:

– Жақында естігем бізде жаңа зауыт ашылып жатыр КамАЗ деген. Бізге ол өте үлкен қуаныш. Өйткені біз төртінші курсты бітіргенде сонда жұмыс істеуге көп мүмкіндігім бар.

Машина құрастыру саласының мамандарын сапалы даярлау үшін жергілікті бюджеттен 210 млн теңге бөлінді. Қаражатқа зертханаға деп заманауи жабдықтар алынды. 

Игорь Онофрийчук, Автомобиль көлігі колледжінің оқытушысы:

– Бұл автоматтандыру және бағдарламалық бақылауды талдау зертханасы. Студенттер мұнда өндірісті автоматтандыру мамандығы бойынша білім алады. 

Қазір КамАЗ-дың қос зауыты құрылыс үстінде. Алғашқы кезеңде 700-дей адам жұмысқа алынбақ. 

Юрий Герасимов, «КамАЗ» ЖАҚ бас директорының орынбасары:

Олар бізге аса қажет машина құрастыру саласының мамандары. Біздің өнім КамАЗ көліктері болса, ал колледждің өнімі – мамандар.

Қазір колледжде 300-ге жуық студент білім алады. Тіпті өз жатақханасы да бар. Оның құрылысына 1 млрд 300 млн теңге бағытталды.

Авторлар: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров