«Ашық» мейрамханаларға жастар асық

Карантин талаптарын сақтау міндеті әлі де өзекті.

Бірақ елордалық мейрамхана иелері тәртіпті елеуді ұмытып жатады. Жыл басынан бері олар 20 млн теңгедей айыппұл төледі. Бірақ сыннан сабақ алғандар аз.

Бұл мейрамхана әкімшілігі біз сияқты қонақтарға аса разы болған жоқ. «Камерамен кіріп келіп, басты меймандарды қорқыттыңдар», – дейді. Бірақ карантин талаптарын бұзбаса, оларға бізден зиян келмесі анық. Оның үстіне Есіл аудандық әкімдігі мен жергілікті полиция басқармасы мұндай рейдті күнде жүргізетінін айтқан болатын.

«Ашық» жобасына кірген мейрамханаларға түнгі екіге дейін жұмыс істеуге рұқсат. Біз рейдті түн ортасында бастадық. Бірақ мұндағы мақсат құқық бұзушыларды анықтап, жазалау емес, санитарлық талапты сақтау жайын тағы бір ескерту болатын. Маска тағуды, әлеуметтік арақашықтық сақтауды естен шығарған елордалықтар түнгі сауықты артық көріп тұрғаны анық. Бірақ жауапкершілік мейрамхана иелерінде.

Ерлан Тойымбаев, Есіл аудандық полиция басқармасы бөлім бастығының м.а.:

– Көбіне мұндай құқық бұзушылықтар кәсіпкерлер тарапынан анықталып жатады. Жылдың басынан бастап біздің ауданда 185 құқық бұзушылық тіркеліп, санитарлық-эпидемиялық бақылау басқармасына жолданып, оның 63-і жауапкершілікке тартылды.

Айыппұл көлемі 20 млн теңгеден асты. Ал ескертуді елемегендердің ісі сотқа жіберіледі.

Нұрсұлу Жапекова, мейрамхана әкімшісі:

Адамдарды «Ашық»-пен кіргіземіз. Есіктің сыртында «Ашық» деген программа тұр. Сонымен кіргіземіз. Екіге он минут қалғанда музыка өшеді. Сағат екіде мейрамханадан барлық адам шығады.

Коронавируспен күрес – баршаға ортақ міндет. Бірақ сауық-сайран мен тіршілік қамы желіктірген кәсіпкер мен тұтынушыны бұл тоқтата ала ма?

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Диас Қобланбаев