Елорда тұрғындары қоқыс шығару шартын қаншалықты меңгерген?

2022 жылы елордадағы қоқыс өңдеу зауытының қуаттылығы артып, өндіріс орны жылына 450 мың тонна тұрмыстық қалдықты өңдейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір оның қуаты жылына 250 мың тонна. Дегенмен, қоқыс қалдықтары күн сайын көбейіп барады. Ал оны өңдеуден бұрын сұрыптау жағы қиынға соғып тұр. Тұрғындар қоқыс шығару шартын қаншалықты меңгерген?

Болат Карбаев, қала тұрғыны:

- Машинадан келе жатқан адамдар лақтыра салады ғой. Пластик деген ол жүздеген жыл шірімейді дейді.

Ғазиза Мұхамеджанова, тілші:

- Бұл ЖаҺанша Досмұхамедұлы көшесіндегі тұрғындардың жанайқайы. Үйдің маңы толған қоқыс. Кейбірі қара пакеттерді жолдың қақ ортасына тастап кеткен. Арасында істен шыққан тұрмыстық техника да бар. Тұрғындар осының бәрі қарапайым мәдениеттің жоқтығынан деген пікірде. Олар: «Қазақстанда қоқыс сұрыптау мәдениеті қалыптаспаған. Түрлі-түсті жәшіктерді орнатпас бұрын оған қандай қалдықтарды тастау керектігін үйрету керек» деп есептейді.

Болат Карбаев, қала тұрғыны:

- Мысалы бізде де мына жерде тұр неше түрлісі. Бала түгіл өзіміз де білмейміз. Сарысы, жасылы тұр. Жазылып тұрады пластикті таста деп. Бәрібір көрінген қоқысты тастай береді ғой кісілер. Бізде білмейді ғой кісілер.

Жанат Өмірзаққызы, қала тұрғыны:

- Қоқыс өте көп. Тазалық аз. Далаға тастай салады. Мына жақтарда жатады. Пластикті пластикке салу керек, қоқысты қоқысқа салу керек. Бізде бәрін бірге сала береді ғой.

Бөтелке жинап, бонус ал. Қоқысты сұрыптап лақтыруға арналған енді бір құрал. Арнайы аппараттар Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында қойылды. Ол пластик және алюминий бөтелкелерді қабылдайды. Ресейде жасалған бір аппараттың орташа құны 2,5 миллион теңге. «Шикізатқа тапшы болып отырған отандық зауыттар үшін пайдалы қондырғы. Оның үстіне қоқысты сұрыптап, қалдықтарды жинауға үйретудің тиімді шешімі», - дейді кәсіпкерлер.

Әділет Нұрселинов, кәсіпкер:

- Біз бұл фандоматтардың ішінде пластик, алюминий пакеттерді жинап, сол үшін ақша төлейміз немесе программа лояльности дейді ғой компаниялардың, сол арқылы экобонустар береміз де, жиналған пластикті өзіміздің зауытқа береміз де, өзіміздің зауытқа барып өңдейміз.

Отандық кәсіпкерлер Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері операторымен бірігіп, жыл аяғына дейін тағы 1500 фандомат қоюды көздеп отыр. Экобонус беретін аппараттар алдымен еліміздің ірі қалаларында, кейін облыс орталықтарында пайда болады. Көрші елде жасалған қондырғы демесеңіз, қоршаған ортаға пайдасы мол.

Динара Жұмағали, ҚР ЭГТРМ сарапшысы:

- Жыл сайын Қазақтанда 5 миллион тоннаға жуық қатты тұрмыстық қалдық шығарылады. Олар төрт зауытта өңделеді. Бұл Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент және Жаңаөзен қалаларындағы қоқыс өңдеу зауыттары. Оның ішінде басым бөлігі Алматыда, жылына 550 мың тонна, Нұр-Сұлтанда жылына 250 мың тонна қоқыс өңделеді. Бірақ 2022 жылы модернизациялаудан кейін өндіріс көлемін жылына 450 мың тоннаға дейін жеткізу жоспарланған. Шымкентте жылына 190 мың тонна, Жаңаөзенде 50 мың тонна қоқыс өңделеді.

Осылайша, 5 миллион тоннаға жуық қоқыстың тек 1 миллионы кәдеге жаратылады. Бірақ биыл еліміздің алты қаласында қоқыс жағатын зауыттар салу жоспарланған. Бұл тұрмыстық қалдықтардың біразынан құтылуға сеп болмақ. Дегенмен, қоғам белсенділері қоқыс сұрыптауға міндеттейтін заң болмайынша қазақстандықтар барлық қалдықты бір жәшікке тастай беретініне сенімді.

Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Наурыз Базаров