Түркістан облысында «Aula fit» қоғамдық жобасы іске қосылды

Жобаның тиімділігі сол, үй ауласындағы спорт алаңына жаттықтырушылар тартылады.

Енді тұрғындар үйінен алыстамай-ақ, кәсіби спортпен тегін айналысы алады.

Бұрын әр шағын ауданда футбол мен волейбол алаңдары бос тұратын еді. Бұқаралық спортты дамытуға жаңаша бағыт керек болды. Жоба ұйымдастырушылары осылайша кез-келген тұрғынға кәсіби жаттықтырушының көмегін пайдаланып, тұрақты түрде спортпен шұғылдануына жағдай жасауды көздеді.

Эльдар Тұрсынбетов, Кентау қаласының тұрғыны:

– Көршілеріміз ағайын-туысқандарымыз бар, сол кісілерге өте жақсы болды. Осы жерге келіп, жаттығу жасайды. Құдай қаласа, жаттықтырушылар қояды дейді. Баннерге жазып қойыпты. Аты-жөнін белгілеп қойған екен. Келіп, көрсетіп жатса, бірге жасаймыз.

Жобаның мақсаты – тұрғындарды спортқа тарту ғана емес, таланттарды анықтау. Яғни әр алаңның өз командасы құрылып, сайыстар  ұйымдастырылмақ. Үздік топтар өзара іріктеліп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашылады.

Сәкен Қалқаманов, облыс әкімінің орынбасары:

– Негізі бізде, Түркістан облсында жүзден астам осындай аула алаңшалары бар. Солардың базасында біз аула клубтарын құрамыз. Жақын арада орналасқан мектептердің дене шынықтыру оқытушылары қосымша жалақыға аула алаңшаларында жұмыс істей алады.

Әзірге жоба тек Кентау қаласында жүзеге асырылып жатыр. Егер де халықтың қызығушылығын арттырып, өз тиімділігін көрсетсе, облыс аумағын да қамтитын болады.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Раул Ғабитов, Ерболат Әбіш