Жезқазғандық жасөспірім саумал орталығын ашты

Қарағанды облысының Кеңгір ауылында тұратын 17 жастағы Жәния Бердіханова саумал орталығын ашты.

Айтуынша, пандемия жағдайында ұлттық сусынға сұраныс артқан. Осыны ескерген жас кәсіпкер өз жобасын ұсынып, қала әкімінің 1 миллион теңге грантын ұтып алады. Ол қаржыға үй ауласынан қымызхана салып, ата кәсіпті жандандырып отыр. Қазір жасөспірім күніне 20 бие сауып, қымыз ашытады. Дегенмен, саумалға да тапсырыс көп екен.

Жәния Бердіханова, жас кәсіпкер:

– Біздің Кеңгір селосында ғана емес, сонымен қатар Жезқазған, Сәтбаев қалаларында да сауда нүктелеріміз бар. Басқа қаладан да тұтынушыларымыз келіп жатады.  Айта кететін жайт, осы пандемия кезінде бие сүтіне деген сұраныс өте көп болды. Соған байланысты ата кәсібімізді неге осындай ыңғайлы жерде, таза орында ұйымдастырмасқа деп ойладым.