Баға, қайда барасың?

Бұл – елорданың көтерме сауда орны. Таң сәріден қарбалас.

Тікелей өндірушіден әкелінген өнім ең алдымен алыпсатарлардың қолына тиіп жатыр. Олар осы жерден картоп, пияз, сәбізді тонналап алып кетеді. Сосын қаладағы бөлшек сауда орындарына жеткізеді.

Үмітжан Елтаев, кәсіпкер:

Біз өзіміз сатып алушымыз, полядан сатып аламыз. Поляда 200-220-дан болып жатыр. Қазір 260-тан сатып жатырмыз. Иә, бізден осы бағада алып, қалаға апарып қосып сатады.

Картоптың келісі мұнда – 270 теңге. Бір апта бұрын баға екі есе қымбат болатын. Ол кезде өндірушілерде картоп та тапшы еді. Қазір өнім бар. Түркістаннан біраз картоп жеткізілген. Ал сәбіздің құны әзірге аспандап тұр. Оған да ішкі нарықтағы тапшылық себеп. Сөреден тек шетелдік өнімді көресіз. Мәселен, сәбіз Қырғызстаннан әкелініп жатыр. Келісі – 500 теңге. Осыдан-ақ қаладағы қымбатшылықты аңғара беруге болады. Себебі біз тұрған жер – көтерме сауда орны. Осы жерден делдалдар сатып алып кетеді. Оның үстіне тағы баға қосып, дүкендерге, яғни бөлшек сауда орындарына ұсынады.

Ауыл шаруашылығы министрлігі көкөніс мәселесі таяу арада шешімін табады дейді. Елдегі шаруалар алқаптан өнімдерін жинап, көтерме сауда орындарына жеткізуі тиіс.

Сәулет Тұрсынбай, кәсіпкер:

Сәбіз әлі шыққан жоқ. Енді бір жұмада болады. Сол кезде бағасы түседі. Уақытша қымбат еді. Картоп арзандап жатыр. 1-2 жұмада 150-ге түседі.

Жалпы, биыл егіншілер біраз қиындыққа тап болды. Шығын көп.

Назгүл Хатепова, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі департамент директорының орынбасары:

– Биыл барлық нәрсе қымбаттауда. Электр энергиясы, тасымалдау, тас жолдар да ақылы боп жатыр. Шығындардың  көбейгені рас. Алдағы 1-2 аптада жағдай тұрақталады деп үміттенеміз.

Жауапты мамандар алдағы апта жағдай тұрақталады деп сендірді. Тапшылық тек маусымдық жағдай. Көп ұзамай солтүстік өңірлердің де өнімі келіп жетеді. Сондықтан картоп бағасы 150 теңгеге дейін арзандауға тиіс. 

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Нұрғали Мамырбаев