Сенатта жерге қатысты жаңа түзетулер қабылданды

Бұдан былай ауыл шаруашылығы жерлерін сатуға мораторий 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзартылатын болды, жерді жалға алуға Қазақстан азаматтары мен шетелдіктердің қатысы жоқ заңды тұлғалар ғана мүмкіндік алатын болды, ал ауыл шаруашылығы жерлерін қосалқы жалға беруге тыйым салынады.

Сенаторлар бүгін Жер комиссиясы қызметінің нәтижелері бойынша әзірленген осындай заң қабылдады.

Осы заңда сонымен қатар конкурсқа шығарылатын жер учаскелерінің шекті мөлшері жазылған. Енді тым үлкен учаскелерді конкурсқа шығаруға тыйым салынады. Ауыл шаруашылығы жерлерін беру жөніндегі конкурстар туралы айта кеткен жөн. Оған қатысқан кезде ауылда кемінде 5 жыл тұрған ауыл тұрғындары артықшылыққа ие болады, оларға байқаудағы жеңіске әсер ететін қосымша ұпай есептелетін болады.

Заңның тағы бір ережесі жайылым тапшы болған ауыл тұрғындарының проблемаларын шешуі тиіс. Сенаторлар бекіткен құжатта жайылымдарды басқару жөніндегі жоспарда көрсетілген және жеке ауладағы малды жаюға қажетті жайылымдарды жеке меншікке беруге және жерді пайдалануға тыйым салу туралы жазылған.

«Бұл заңда жердi қорғауға, оны ұтымды және мақсатты пайдалануға арналған жаңа нормалар қарастырылған. Соған сәйкес Қазақстан азаматтарына ауыл шаруашылығы жерлерін жеке меншікке беру жөнінде Жер кодексіндегі нормалардың қолданылуына мораторий ұзартылады. Құжатқа жайылымдық жерлерді пайдалану мәселелерін реттейтін, жер учаскелері бойынша ақпараттың қолжетімділігі мен ашықтығын қамтамасыз ететін жаңа нормалар да енгізілді. Оның бәрі еліміздің ұлттық мүддесіне толығымен сәйкес келеді», - деп атап өтті Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев.