424,44 504.55 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстанда өткен аптада вакциналау қарқыны 1,6 есе артты – ҚР ДСМ

  • 108
  • UPD: 11:58, 29.06.2021
Қазақстанда өткен аптада вакциналау қарқыны 1,6 есе артты – ҚР ДСМ

ҚР премьер-министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай қаралды.

Халықты вакциналау барысы мен қазіргі жағдай туралы денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев, Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов, Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов баяндады.

Әлемде КВИ-дің 182 млн-нан астам жағдайы тіркелген, тәулігіне 309 мыңнан астам жағдай тіркелуде. 3,9 млн-нан астам адам қайтыс болды.

Қазақстанда 29 маусымдағы жағдай бойынша COVID-19-ға оң нәтижемен 421 121 науқас және КВИ- 56 942 жағдай тіркелді.

Қазақстан Республикасы 26 маусымнан бастап «қызыл аймақта». «Қызыл аймақта» Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары, Батыс Қазақстан, Атырау және Қарағанды облыстары орналасқан.

Министрдің айтуынша, соңғы аптада короновирус инфекциясымен сырқаттанушылықтың 39% өскені байқалады.

29 маусымдағы жағдай бойынша республика бойынша инфекциялық төсектердің қамтылуы 27% (7 125 төсек), реанимациялық төсектер 24% (589 төсек) құрайды.

Республика бойынша сырқаттанушылықтың өсуі Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында аурудың 1,7 есе өсуіне байланысты, бұл республика бойынша жалпы сырқаттанушылықтың 43%-ін құрайды.

Бүгінгі күні Нұр-Сұлтан қаласында инфекциялық төсектердің қамтылуы 65%, реанимациялық төсектер 74%, Алматы қаласында 32%, реанимациялық төсектер 31% құрайды.

Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына байланысты қосымша шектеу шаралары енгізілді, олар халық көп жиналатын орындардың қызметін шектеуге бағытталған.

- сауда ойын-сауық орталықтарының, сауда үйлерінің, сауда орталықтарының жұмысына сенбі және жексенбі күндері тыйым салына отырып, жұмыс күндері сағат 17:00-ге дейін шектеледі (осы объектілерде COVID-19-ға қарсы жаппай вакциналау пункттерінің орналастырылуына қарамастан);

- қоғамдық тамақтану объектілерінің (мейрамханалар, дәмханалар, барлар, асханалар) жұмысына сенбі және жексенбі күндері тыйым салына отырып, үй-жай ішінде сағат 07:00-20:00 аралығында және ашық ауада сағат 07:00-22:00 аралығында («Ashyq» жобасына қатысатын объектілерді қоспағанда);

- жабық азық-түлік емес базарлардың жұмысына сенбі және жексенбі күндері тыйым салына отырып, сағат 20:00-ге дейін жұмыс режимі шектелді (осы объектілерде COVID-19-ға қарсы жаппай вакцинациялау пункттерінің орналастырылуына қарамастан); 

- 100-ден астам адамның ашық ауада бұқаралық іс-шараларды өткізуіне тыйым салынды.

А.Цой атап өткендей, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды облыстарында аталған өңірлердің эпидемиологиялық тәуекелі жоғары аймаққа көшуіне байланысты қосымша шектеу шаралары қабылданды.

Халықты вакциналау жалғасуда, шамамен 5,2 млн доза вакцина пайдаланылды, оның ішінде 1-компонентпен 3 246 795 адам егілді, бұл тиісті халықтың 32,8%-ін құрайды. Екінші компонентпен 1 954 372 адам қамтылды.

«Бүгінгі күні егу пункттерінде вакцина дозаларының жеткілікті саны бар: шамамен бірінші компоненттің 800 мың дозасы және екінші компоненттің 1,4 млн дозасы бар. Вакцина жеткізіліп жатыр. Өткен аптада вакциналау қарқынының 1,6 есе, өткен аптада 254 мыңнан 405 мыңға дейін өскенін атап өткен жөн», – деді ведомство басшысы. 

Вакциналаудың тиімділігіне талдау жүргізілді, елімізде вакцинацияланғандар санының сәуір-маусым айлары аралығында 1,3 млн адамнан 3,2 млн адамға дейін өсуімен сырқаттанушылықтың 2 есеге төмендегіні байқалады.

«Осыған байланысты Дельта штамының пайда болуын және аталған штамға қарсы вакциналардың тиімділігін зерделеудің жалғасып жатқанын ескере отырып, вакцинация елдегі эпидемиологиялық жағдайға жағымды әсер ететінін айта кеткен дұрыс», – деді А.Цой.

Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев соңғы аптада 585 жаңа жағдай анықталғанын хабарлады. Өткен тәулікте 101 жаңа жағдай тіркелді. Вирусты жұқтырғандарды барынша анықтау мақсатында тестілеу саны ұлғайтылды. Облыстағы 13 зертханада тәулігіне 2 мыңнан астам ПТР зерттеу жүргізіледі. Облыс инфекциямен ауырғандар өсімі бар Ресейдің 5 өңірімен шекаралас. Ресей шекарасы арқылы күн сайын облыс бойынша 2500 астам адам өтеді.

«Қазіргі эпидемиологиялық жағдайға байланысты облыстың бас санитарлық дәрігерінің 2021 жылғы 27 маусымдағы қаулысына сәйкес адамдар көп жиналатын іс-шаралар, әртүрлі жәрмеңкелер өткізуге тыйым салынды. Осы жылдың 1 қаңтарынан бастап мониторингтік топтар 3 мыңға жуық рейд жүргізді. Оның барысында 18 млн-ға жуық теңгеге 267 хаттама толтырылды», – деді Ғ.Есқалиев.

«Ashyq» мобильді қосымшасы бойынша 550-ден астам кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді. Ереже талаптарын сақтамағаны үшін 35 нысан «Ashyq» қосымшасынан алынып тасталды. 10 маусымынан бастап қосымша арқылы оқшаулануға тиіс 90 келуші анықталды. 18 жұқпалы аурулар стационары жұмыс істейді, ондағы төсек-орындардың толығуы 44,6% құрайды. Реанимациялық төсек-орындардың толығуы 54,2%. Резервте 1400-ден астам төсек орын бар. 

Санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды жақсарту үшін тұрғындарды вакцинациялау белсенді жүргізілуде. Денсаулық сақтау министрлігінің жоспарына сәйкес апта сайын 20 мыңнан астам адамды қамту арқылы ірі кәсіпорындар, білім беру нысандары және мемлекеттік органдар бойынша вакцинациялаудың қысқа мерзімді жоспары жасақталды.

Ұйымдар мен ірі кәсіпорындардың еңбек ұжымдары арасында түсіндіру жұмыстары күшейтілді. Мекеме басшыларына қызметкерлерді вакцинациялау туралы хабарламалар жіберу ұйымдастырылды. Күн сайын вакцинациялаудың 47 егу пункті жұмыс істейді, ұжымдарда егу жұмыстарын жүргізу үшін медициналық бригадалардың шығуы ұйымдастырылуда.

«Күні бүгін келіп түскен вакцинаның 269 100 дозасының І компонентін 90 639 адам, ІІ компонентін 59 948 адам алды. Маусым айынан бастап вакцинациялау қарқынды жүруде, соңғы аптада вакцинация өсімі өткен аптамен салыстырғанда 78,5%-ға ұлғайтылды. Қосымша тағы 21 мың адам 5 шілдеге дейін вакцинамен қамтылады», – деді Батыс Қазақстан облысының әкімі.

Сонымен қатар Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов осы жылдың 26 маусымынан бастап Атырау өңірінде КВИ тіркелуі жоғарылап, өңір қызыл аймаққа өткенін атап өтті.

«Соңғы тәулікте вирусты жұқтырудың 66 жағдайы анықталып, RT репродуктивтілік коэффициенті 1,27-ні құрады. Жағдайды тұрақтандыру мақсатында облыстың Бас санитариялық дәрігерінің қаулысымен 28 маусымнан бастап Атырау облысы бойынша карантиндік шектеу шаралары күшейтіліп, Теңіз кен орнындағы карантин ұзартылды», – деді облыс әкімі.

Облыста инфекциялық төсек-орын саны 2 098-ді құрайды. Жүктеме 346 науқас немесе 16,5%. Бұл 1 маусымдағы жағдаймен салыстырғанда 21,5% төмен. Өңірде реанимациялық 81 төсек-орын бар. Онда 25 науқас емделіп жатыр. Жүктеме 31%-ды құрайды. Бұл 1 маусымдағы жағдаймен салыстырғанда 10% төмен. Бұдан бөлек, қосымша 750 резервтік орын әзірленді, оның 57-і реанимациялық орын.

Бүгінде 347 науқас амбулаториялық ем қабылдауда. Бұл мамыр айының сәйкес кезеңімен салыстырғанда 45% төмен. Үйде ем алып жатқан науқастарға 126 мобильдік бригада бақылау жасауда. Өңірде вакцинация жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күнге барлығы 120 200 доза I компонент және 117 200 доза II компонент вакцина жеткізілді. I компонент 81 861 адамға, II компонент 44 827 адамға салынды.

«Облыста вакцинациялау жұмыстарының қарқыны артып келеді. Өткен аптада алдыңғы аптамен салыстырғанда екпемен қамтылғандар саны 41%-ға өсіп отыр. Жалпы екпе жұмыстарын жүргізу үшін облыс бойынша 41 екпе кабинеті ашылды, оның 10-ы жылжымалы пункт», – деді М.Досмұхамбетов.

Сонымен қатар халық арасында вакцинациялаудың қажеттілігі жөнінде белсенді ақпараттық түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Өңірдегі вакцинациялау көрсеткішін жақсарту және вакцинациялауды одан әрі ынталдандыру мақсатында сауда үйлері мен ойын-сауық орталықтарында түрлі шаралар өткізілуде. Сонымен бірге, демеушілердің көмегімен екпе алушылар арасында ақшалай сертификаттар ойнату жоспарда бар. 

Облыста карантидік шаралардың сақталуын бақылау мақсатында 64 мониторингтік топ жұмыс жасауда. Мониторингтік топтармен 2021 жылы 9 968 рейд жүргізіліп, 41 мың аса нысан тексерілді. Түскен материалдар бойынша шағын және орта бизнес обьектілеріне, жеке тұлғаларға 44 млн теңге айыппұл салынды. Соңғы аптада 250 рейд жүргізіліп, 748 нысан тексерілді. Түскен 6 материал бойынша 2 млн теңге айыппұл салынды.

«Бүгінгі күні облыстық Кәсіпкерлер Палатасына арнайы QR-кодты алуға 483 өтініш келіп түсті. Соның ішінде 445 субъекті QR-код алды. Соңғы аптада 51 өтініш түсіп, 47 кәсіпкерлік субъекті жұмыс жасауға рұқсат алды», – деді әкім.

Ashyq бағдарламасы іске асырылғанан бастап QR-код алған 97 кәсіпкерлік субъектіде 63 сары, 34 қызыл статусты адам анықталды. Аталған 445 нысанның ішінен 3 нысан карантиндік режимді бұзғаны үшін, 9 нысан соңғы 2 аптада келушілерді тіркемегені үшін бағдарламадан 2 аптаға шығарылды.

«Жалпы өңірдегі эпидемиологиялық ахуал қатаң бақылауда», – деп сөзін түйіндеді Атырау облысының әкімі.

Сонымен қатар Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмовтың айтуынша, өңірдің эпидемиологиялық жағдайы ерекше бақылауда. Денсаулық сақтау объектілері штаттық режимде жұмыс істейді.

«Стационарларда бүгінгі күні 198 адам ем қабылдауда. Төсек орындардың толымдылығы – 38%-ды құрайды. Коронавирусқа қарсы вакцинация жұмыстары жалғасуда. Бүгінге I компонентпен – 57 800, II компонентпен 33 350 адам егілді. Оның ішінде денсаулық сақтау саласы 90%-ға, құқық қорғау органы қызметкерлері 100% вакцинацияланды. Өңірде вакцинациялау жұмыстарын одан әрі күшейту үшін арнайы штаб құрылып, басқа да санаттар бойынша нақты жұмыстар жүргізілуде», – деді Маңғыстау облысының әкімі.

Соңғы аптада жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде, осы айдың бірінші онкүндігінде 3954 адам егілсе, екінші онкүндікте 5128-ге дейін өсті. Соңғы аптада 8 мыңға жуық адам егілді. 

«Білім беру жүйесіндегі вакцина алған қызметкерлердің үлесі 38%-дан 45%-ға жеткізілді. Жаңа оқу жылына дейін осы саланың барлық қызметкерлері вакцинацияны аяқтайды. Сонымен бірге құрылыс компаниялары қызметкерлерін вакцинациялау кестесі бекітілді. Сондай-ақ халықты вакцинациялау үшін жылжымалы бригадалардың жұмысы және ауылдық жерлерде үйлерді аралау арқылы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары күшейтілді», – деді С.Трұмов.

Халықты вакцина алуға ынталандыру мақсатында өңірде 22 маусымнан бастап басты жүлде – Ақтау қаласында 2 бөлмелі пәтерге лоторея ұтыс ойыны жарияланды. 

Сондай-ақ вакцина алушылар қарқынын арттыру үшін апта сайын тұрмыстық техника, смартфондар, тоңазытқыштар, теледидарлар секілді бағалы сыйлықтар ойнатылып тұратын болады. Жеңімпаз арнайы құрылған сайт арқылы тікелей эфирде анықталады (no-covid-aktau.kz).

«Бүгінге вакцина алушылардың қатары күн сайын артып келеді. Мамыр айында күніне 400-ге жуық адам егілсе, қазір олардың қатары 3 есеге өсті», – деп түйіндеді Маңғыстау облысының әкімі.

Ақпарат көзі: primeminister.kz

Хабар 24 телеарнасы