Қызылордада көлік жүргізу құқығынан айырылған жүргізуші ұсталды

Қызылордада көлік жүргізу құқығынан айырылған жүргізуші ұсталды, деп хабарлады Polisia.kz.

28 маусым күні Қызылорда облысы Полиция департаментінің Жалағаш ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері аудан ішіндегі көшелердің бірінде жол ережесін бұзған жеңіл автокөлікті тоқтатқан. Тексеру барысында 48 жастағы жүргізуші құжатсыз көлікті басқарғаны белгілі болды. 2018 жылы тамыз айында әкімшілік жауапкершілікке тартылып, мас күйінде автокөлікті басқарғаны үшін соттың үкімімен басқару құқығынан үш жылға айырылғанына қарамастан, қайта рөлге отырған.

Тәртіп бұзушы полицияға жеткізіліп, ал автокөлік айып алаңына қойылды.

Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 346-бабының 1-бөлігімен (Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.