Алматыда жыл басынан бері 56 мыңнан астам адам коронавирус жұқтырған

Алматыда коронавирустың төртінші толқыны басталып жатыр. Бұл туралы бүгін қаланың бас мемлекеттік санитар дәрігері Жандарбек Бекшин мәлімдеді.

Айтуынша, соңғы екі аптада ковидті жұқтырғандардың саны 2,1 есеге артқан. Бекшин вакцина салдырып, маска тағып және әлеуметтік қашықтықты сақтаудың маңызды екенін тағы да ескертті. Қалада соңғы тәулікте 305 адам коронавирус жұқтырған. Ал қаңтардан бергі статистика 56 мыңнан асады. Сенбі, жексенбі күндері Алматыдағы базарлар мен ойын-сауық орталықтары жұмыс істемейтін болды.

Жандарбек Бекшин, Алматы қаласының бас мемлекеттік санитар дәрігері:

- Төртінші толқын басталуда, оның басты себебі қазір осы британ штамына тағы коронавирустың үнділік дельта варианты қосылып жатыр. Қазіргі таңда бізде қала бойынша 85 сынамасында дельта варианты анықталды. Жалпы бұл барлық коронавирустың штамдарының 78 процентін құрайды.