Вируспен күресу кезінде 104 жемқорлық фактісі анықталды

Пандемиямен күресу кезінде жыл басынан 104 парақорлық фактісі анықталды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баяндамасында айтылды.

«Сатып алынған медициналық жабдықты мақсатсыз пайдалану және ұрлау фактілері әлі де жалғасып жатыр. Мәселен, Шымкентте Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары аффилирленген компаниялар арқылы медициналық техниканы жоғары бағамен сатып алу фактісі бойынша сотталды. Шығын көлемі 1,5 млрд. теңге. Осындай құқық бұзушылық бойынша Маңғыстау облысында Денсаулық сақтау басқармасы басшысының қылмысы да дәлелденді», – деді Агенттік төрағасы Марат Ахметжанов.

Сонымен қатар ол медицина қызметкерлеріне үстемеақыны мақсатты бөлу процесін қатаң бақылау керек екенін айтты. Өйткені Алматы облысында Еңбекшіқазақ аудандық ауруханасының бас дәрігері мен оның екі орынбасары үстеме ақы белгілеу үшін қол астындағылардан жүйелі пара алу схемасын ұйымдастырған.