Маңғыстау облысында әкім сайлауына қатысуға ер адамдар ғана өтініш берген

Бүгін елімізде ауыл әкімдерін сайлауға үміткерлерді ұсыну аяқталады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Маңғыстау облысында сайлауға қатысуға 37 үміткер өтініш берген. Оның ішінде 31-і ресми түрде тіркелді. 19-і өзін өзі ұсынса, 12-сі партия атынан келген. Үміткерлердің жасы 30 бен 50 жас аралығында. Бір қызығы, барлығы ер адамдар. Мамандықтары да әртүрлі. Араларында мектеп директорынан бастап, кәсіпкер, мемлекеттік қызметкер де бар. Маңғыстау облысында 10 ауылдың әкімі сайланады. 14 сайлау учаскесі жасақталды.

Исахан Сағынбаев, облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары:

- Бейнеу ауданынан 13 кандидат ұсынылды, Қарақия ауданына 3, Маңғыстау ауданынан 12, Түпқараған ауданынан 3 кандидат ұсынылды. Ұсыну бүгін 9 шілде күні кешкі сағат 18:00-де аяқталды.