Ауыл әкімдерін сайлау әділ өтеді деп үміттенеміз – ауыл тұрғыны

Түркістан облысы сайлауға дайындық барысы пысықталды.

Түркістан облысында 60 ауылдық округтің әкімі сайланады. Қазір өңірдегі 242 сайлау учаскесінде саяси науқанға дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр. Барлығы 259 үміткер ұсынылған. Оның 170-сі өзін-өзі ұсынғандар болса, 89-ы саяси партиялардың атынан қатысуда. Өңірдегі Қазығұрт ауданында да 5 ауылдық округтің әкімі қайта сайланады.

Қазығұрт ауданы, Қарабұлақ ауылдық округі Жұмысшы елді мекеніндегі Алма Оразбаева атындағы жалпы орта мектебінде орналасқан №291 сайлау учаскесі алдағы саяси науқанға тас-түйін дайын. Ауыл халқының да, ақсақалдардың да алдағы ауыл әкімдерінің сайлауынан күтер үміттері көп. Сондықтан бір ауыздан қатысып, өз таңдауларын жасамақ.

Серілі Сейдалы, Жұмысшы елді мекенінің тұрғыны:

Мынау өте жақсы бастама болған. Бұрынғы сайлаудан ерекшелігі көп. Халық сайлайтын болғаннан кейін елдің ойында жүрген, түйткілді мәселелерді ортаға салатын, білімді, көппен араласа білетін адамдарды таңдау деген сөз.

Өнербай Бөрібаев, Жұмысшы елді мекенінің тұрғыны:

– Егер халықтың көңілінен шықпайтын болса, халық оны орнынан тайдыруға да құқығы бар. Сол үшін бұны демократиялық сайлау деп есептеймін. Өте орынды сайлау, халықтың да бұған бет-бұрысы жаман емес. Сайлауға бірдей қатысады, сайлау көңілдегідей болады деген сенімдеміз.

Қазығұрт ауданы бойынша 5 ауылдық округтің әкімі қайта сайланады. 20 үміткер маусымның 26-сынан бастап, 9-шы шілдеге дейін сайлау ережеге сай өз өтініштерін берді. Оның 15-сі өзін-өзі ұсынса, қалған 5-уі саяси партиялардың атынан түсуде. Жалпы аудан бойынша 22 сайлау учаскесі, 139 сайлау комиссиясының мүшесі бар. 25 шілде – ауыл әкімдерінің сайлау күні 19 мың аудан тұрғыны саяси науқанға қатысады деп күтілуде.

Рамазан Ілиясұлы, Қазығұрт аудандық сайлау комиссиясының төрағасы:

– Бірінші кезекте мүмкіндігі шектеулі азаматтарға толық жағдай жасалған. 22 сайлау учаскесінде көзі көрмейтін азаматтарға арналған жолдар, кіреберісте пандустар, компьютер, құлағы естімейтін азаматтарға құлаққаптар бәрі толық қамтылған. Сайлауға келе алмайтын азаматтарға 22 учаскеге арнайы инватакси қызметтері ұйымдастырылған.

Жалпы Түркістан облысында 60 ауылдық округтің әкімі қайта сайланады. Қазір өңірдегі 242 сайлау учаскесінде дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр. Саяси науқанға қатысу үшін 259 үміткер өтініш берген. Оның 170-сі өзін-өзі ұсынса, қалған 89-ы саяси партиялардың атынан түсуде. Бүгінге дейін 68 үміткер заңды тіркелген. Оның 47-сі саяси партиялардың үкілеген үміті.

Айта кетейік, 14-ші шілдеден 24-ші шілдеге дейін 10 күн бойы үгіт-насихат жұмыстары басталады. Ал 25 шілде күні еліміз бойынша ауыл әкімдерінің сайлауы өтеді.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашбекұлы