Тұрғын үйге сұраныс бағаға әсер етеді – сарапшы

Соңғы 10 жылда еліміздегі тұрғын үй бағасы екі есе өскен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қымбатшылық әсіресе, биыл қатты сезілді. Елордадағы жылжымайтын мүліктің бір шаршы метрі 10%-ке өсіпті. Бағаның шарықтауына не себеп?

Қазақстанда тұрғын үй бағасы қымбат. Сарапшылардың бірі мұны құрылыс материалдарының құны артуымен сипаттаса, енді бірі ипотекалық қарыз беру тетігінің көбеюімен байланыстырады. Соңғы 10 жылда несиелеу үлесі шамамен 4%-ке артыпты. Оның үстіне зейнетақы қорының бір бөлігін баспана мәселесін шешуге жұмсау да жағдайға әсер етті. Құрылыстағы нормалау орталығы директорының орынбасары Арман Хасен «тұрғын үйге деген сұраныстың артуы бағаның өсуіне алып келді», дейді. Яғни құрылыс материалдарының бағасы дайын үй құнына қатты әсер етпейді. Өйткені жабдықтар үй бағасының жартысын ғана құрайды. Десе де, әлемде мыс, болат, алюминий сынды негізгі материалдардың қымбаттағаны рас. Оның әсері Қазақстанға да сезілді. 6 жылда арматура 4 есе қымбаттаса, былтырдан бері тағы екі есе өскені байқалады. Өнім келісі 450 теңгеге сатылды. Яғни, бір шаршы метрге қажет арматура 31 500 теңге. Енді мамандар монолит үйлерден бас тартып, кірпішке көңіл бөлуді көздеп отыр.

***

Отандық құрылыс материалдары сұраныста

Қазір отандық кірпіш өндірісі ішкі сұранысты 60%-ке қамти алады. Бұл аз, жетпей жатқан материалдар көрші елдерден әкелінеді. Сарапшымыз Арман Хасеннің сөзімен айтсам, мұндай сұраныс кірпіш зауыттарының қуаттылығын еселеуге мүмкіндік береді. Ол келтірген мысалға сүйенсек, бір шаршы метр аумаққа 70 келі арматура не 15 келі кірпіш кетеді екен. Бұл жағдай былтырдың өзінде кәсіпорындардың қуаттылығын арттыруға жол ашқан.

***

Әлемде аштық дендеді

Ал, БҰҰ жаһандағы аштық көрсеткіші рекордтық деңгейден артқанын жеткізді. Дәл мұндай ахуал 15 жыл бұрын тіркелген. Бұған климаттық өзгерістер, саяси қақтығыстар мен коронавирус пандемиясы аясындағы экономикалық құлдырау әсер еткен. Нәтижесінде әлем халқының 30%-і, яғни 2,5 млрд адам аш-жалаңаш қалды. Бағаның күрт өсуі импортқа тәуелді кедей мемлекеттердің жағдайын әлсіретті. Былтыр 800 млн-нан аса адам талжағау етер тамақ таппай қалған. Аштан өлгендер саны 6 есе артты. Наурыз айында БҰҰ 20 мемлекетке азық-түлік көмегі керек екенін хабарлаған болатын. 

***

Көкөніс құны неге қымбат?

Жыл басынан бері еліміздегі сәбіз құны 172%-ке шарықтады. Картопты 75%-ке қымбат аламыз. Өткен аптада сәбіз бағасы тағы 3,5%-ке өсіпті. Бұл туралы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі хабарлады. Кәсіпкер Болатбек Әлиев «қымбатшылық мұнымен шектелмейді», дейді. Өйткені қазір жанар-жағармай құны еселенген. Елімізге ресейлік арзан дизель отыны тасымалданбайды. Ал ішкі өнім 20%-ке қымбат сатыла бастады. Өйткені дизель тапшы. Зауыттар бұрынғы бағаны қалдырдық дегенімен, кәсіпкерлер отынның литрын 167 теңгеге емес, 199 теңгеге алуға мәжбүр. Ауыл шаруашылығы өнімдері мен оны сақтап, тасымалдау да арзан емес. Жығылғанға жұдырық дейміз бе, газ бен электр қуатының қалтаға салмақ салуы өнім бағасын арттыруға негіз болған. Ал сауда министрі Бақыт Сұлтанов көкөністердің қымбаттауы көрші елдерде де тіркелгенін айтады. Сәйкесінше, импорттық өнімдердің бағасы бізге әсер етті. «Күзгі жиын-теріммен отандық тауарлар арзандайды», - дейді министр.

Сондай-ақ...