Қызылорда облысында биыл жолдағы төрт түлік кесірінен 9 адам қаза тапқан

Бар кінә иесіз жүрген малдан. Жыл басынан бері Қызылорда облысында төрт түлік кесірінен 16 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 9 адам қаза тапқан. 19-ы жарақат алды. Мал иелері жауапқа тартылып, айыппұл салынып жатыр. Бірақ айтулы мәселе өзекті күйде қалып отыр. Шешімі қалай болмақ?

Қою түнде күре жол бойымен жүйіткіген көлік алдынан мал шықса, жүргізушінің қандай шарасыз күйге түсетіні айтпаса да белгілі. Адам қазасы көбіне осындай жағдайларда болады. Халықаралық дәлізде, алыс сапарға шыққандар жол өндірту үшін аз жылдамдықпен жүрмейтіні де белгілі.

Шыңғыс Аханов, ЖПҚБ Патрульдік-полиция ротасы командирінің орынбасары:

- Жануарды қағу дерегі бойынша жол-көлік оқиғалары Қызылорда қаласы мен Жаңақорған ауданының арасында, Қызылорда-Арал бағытындағы тас жолда болған. Жолдарға билборд, жануарлардың макеттерін қоюға, үй жануарларының мойынға жарық шамын шағылыстыратын отражатель тағуға ұсыныстар келтірілді.

Полицейлер жүргізушілерді жолда абай болуды ескертеді. Елді мекендерге жақын жерлерде көлік жылдамдығын бәсеңдету керек. Ол үшін мал жүретін жерлерге арнайы жол белгілері де қойылған.

Шаруаларға да малды бағусыз жібермеу туралы ескерту жиі жасалады. Оған қоса жарық шағылыстыратын алқа тағу ұсынылып отыр. Алайда мал иелерінің де айтары бар.

Сейілбек Кентанов, мал өсіруші:

- Мал түгілі адам да мына ыстықта жүре алмайды ғой, сосын олар түнде жайылады. Мен өз басым салдым ошейник. Енді ол әрі кетсе 1 айға жетпейді. Шеңгел жейде жырып, түсіріп алады. 

Жыл басынан бері өңірде бағусыз жүрген төрт түлік иелеріне 750 әкімшілік хаттама толтырылған. Жол-көлік оқиғасына үй жануарының қатесі болса, егесіне айппұл салынады дейді полицейлер.   

Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов