Түркістан облысында 22 шілдеден бастап шектеу шаралары күшейтіледі

Ashyq жобасына қатысқанына қарамастан сенбі, жексенбі күндері барлық қоғамдық тамақтану орны, мейрамханалар, банкет залдары, жазғы алаңшалар мен балалардың ойын алаңдары, сұлулық салондары, туристік нысандар, демалыс үйлері мен бассейндер жұмысын тоқтатады.

Бұл туралы Түркістан облысының «сары» аймаққа енуіне байланысты карантин талаптарының күшейтілуі, екпе жұмыстары және Ashyq жобасының жүзеге асырылуы тақырыбында өткен брифингте айтылды. Сондай-ақ жаңа қаулыға сәйкес, демалыс күндері қоғамдық көлік тоқтатылып, базарлар жабық болады. Жаңа қаулы 22 шілде күні түнгі сағат 00:00-ден бастап күшіне енеді. Ал вакциналау бойынша меншік нысанына қарамай, өңірдегі барлық ұжым басшылары өз қызметкерлерінің екпенің бірінші дозасын 10 тамызға дейін, ал екінші компонентін 1 қыркүйекке дейін алуды ұйымдастыруы керек.

Бақтыораз Елемесов, облыстың бас санитариялық дәрігерінің орынбасары:

- Денсаулығы бола тұра, коронавирусқа қарсы екпені алмаған азамат көзбе-көз, яғни офлайн режимдегі жұмыстан шеттетіледі. Бұл ең алдымен өзіңіздің және айналадағы адамдардың денсаулығына қауіп төндірмеу мақсатында еліміз бойынша барлық өңірде жүзеге асырылып жатқан жалпыға бірдей ереже. Өңірде вакцина салдыру қарқынын әлі де күшейтіп, ұжымдық иммунитет қалыптастыру керек. Бұны ел Президентінен бастап, Үкімет, барлығы осы бағытта жұмыс істеп отыр.