424,02 504.55 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Е.Тоғжанов коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ВАК отырысын өткізді

  • 89
  • UPD: 19:01, 21.07.2021
Е.Тоғжанов коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ВАК отырысын өткізді фото: primeminister.kz

Бүгін ҚР Премьер-мининистрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен ҚР аумағында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ВАК отырысы өтті.

Бұл туралы primeminister.kz сайтында жарияланды.

Отырыста Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 19 шілдедегі елдегі эпидемиологиялық ахуал жөніндегі кеңесте берген тапсырмаларының орындалуын ұйымдастыру мәселелері қаралды.

Вице-премьер мемлекеттік органдар өкілдерінің баяндамаларын тыңдап, қысқа мерзімде Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау бойынша келесі шараларды қабылдауды тапсырды:

- жаңа штаммдардың пайда болуын ескере отырып, коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі жедел іс-қимылдардың нақты жоспарын әзірлеу және енгізу;

- «QazVac» отандық вакцинасын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында тіркеу және оны одан әрі үшінші елдердің нарықтарына шығару мәселесін пысықтау, осы бағытта нақты жол картасын әзірлеу;

- карантиндік шектеулерді сақтауға қойылатын талаптарды қатаңдату мәселесін пысықтау; вакциналау қарқыны төмен өңірлерге әдістемелік көмек көрсету үшін көшпелі бригадаларды қалыптастыру;

- коронавирусты диагностикалау мен емдеу хаттамаларына сәйкес реанимация бөлімшелері мен жедел медициналық көмек қызметтерін қосымша жарақтандыруды қамтамасыз ету жөнінде нақты ұсыныстар енгізу;

- коронавируспен ауыратын науқастарды емдеу үшін «Ремдесивир» препаратын орталықтандырылған сатып алу мәселесін шешу жөнінде шаралар қабылдау;

- Ішкі істер министрлігі басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, жалған вакциналау паспорттарын жасаудың жолын кесу жөніндегі ведомствоаралық арнайы топ құрсын;

- Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі «Атамекен» Ұлттық палатасымен және Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, бизнес субъектілерін «Ashyq» бағдарламасына енгізу жөніндегі талаптарды жеңілдетсін.

Ералы Тоғжанов мониторинг топтарының жұмысының маңыздылығын атап өтіп, ҚР ІІМ мен әкімдіктерге осы бағыттағы жұмысты жандандыруды тапсырды. Бұдан басқа, ВАК «Ashyq» арқылы тіркелген қоғамдық орындарға баратын «қызыл» және «сары» мәртебесі бар адамдарға қатысты шараларды қатаңдату туралы шешім қабылдады. Енді карантин режимін «қызыл» мәртебесі бар бұзушылардың есімдері бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.

Сондай-ақ вице-премьер Е.Тоғжанов мемлекеттік органдардың басшылары мен өңірлердің әкімдіктеріне вакциналау тұрғысынан түсіндіру жұмыстарын күшейтуді, сондай-ақ халықты коронавирус инфекциясынан вакциналаумен қамтуды арттыру туралы нақты тапсырмалар берді.

Хабар 24 телеарнасы