Арқалыққа қарасты бес ауылда әкім сайлауы өтіп жатыр

Қостанай облысының Арқалық қаласына қарасты бес ауылда әкім сайлауы өтіп жатыр. Саяси додаға қатысуға бұл өңірде барлығы 14 үміткер ниет білдірген. Соның біреуі ғана лауазымды қызметке сай болмай шықты. 

Жалпы Арқалық аумағында 13 ауылдық округ бар. Соның бесеуінде бүгін әкім сайлауы өтіп жатыр. Қазір мен Восточный ауылындағы сайлау учаскесінде тұрмын. Мүнда 1200-ден астам халық тұрады. Соның жартысына жуығы дауыс беру құқына ие. Арқалықта соңғы күндері коронавирус жұқтырғандардың көбеюіне байланысты сақтық шараларына аса мән берілген. Әр адамның дене қызуы тексеріліп, қорғаныш заттары таратылды. Арақашықтықты сақтау да басты талап. Карантиндік шектеулерге қарамастан ауыл тұрғындарының барлығына дауыс беруіне мүмкіндік жасалған.

Нұргүл Мырзағалиева, сайлау учаскесінің төрайымы:

- Дене қызуы жоғары болған жағдайда бізде арнайы бөлмелер дайындалған. Сол бөлмелерде сайлаушылар өздері өтініші бойынша дауыс бере алады. Денсаулығына байланысты келе алмайтын кісілерге біздің сайлау мұшелерінен арнайы кісі бөлініп, жәшіктерді алып, сол жерлерге барып, жаңағы кісілер дауыс бере алады.

Ал енді дауыс беру барысына келсек, шындығын айту керек, Восточный ауылы тұрғындарының белсенділігі жоғары. Таңғы сағат 7-ден сайлау учаскесі адам аяғынан босаған жоқ. Осы уақытқа дейін қолымыздағы бастапқы мәлімет бойынша ауылдағы дауыс беру құқына ие азаматтардың 70 проценті өз таңдауын жасап үлгірген. Олардың барлығы болашақ әкімге үлкен үміт артып отыр. 

Ғабит Сұлтанбеков, Восточный ауылының тұрғыны:

- Бірінші кезекте ауылымызды көркейту үшін, жаңағы көшелерімізді жарықтандыру, ағаш егу керек. Мынау балалардың ойнайтын нелерді көбейту керек детский площадкаларды. Алдыңғы жылы су тартылды енді ауылымызға асфальт түссе, жақсы болар еді. Енді әкіміміз әрі қарай жақсы жұмыс істейді деген үміттеміз. 

Айта кетелік, Восточный ауылының әкімі лауазымына үш үміткер тіркелген. Олардың біреуі партия атынан түссе, қалған екеуі өзін-өзі ұсынғандар. Барлығы да осы елдің азаматтары. Ал енді бұл бәсекеде қайсысының бағы жанып, аты озарын сайлау қорытындысы анықтап береді.

Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг