COVID-19: Ақтөбе облысындағы ауруханалар науқасқа толы

Ақтөбе облысында да жағдай алаңдарлық. Ковидтен емдейтін үш бірдей ауруханада енді бірер күнде орын болмауы мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сол үшін қосымша орындар жасақталып жатыр. Ал бүгіннен баста, емхана дәрігерлері жаппай ковидпен күреске жұмылдырылды.

Қаладағы емханалар бүгіннен бастап жоспарлы түрде жүретін тексерулерді тоқтатты. Медициналық және скринингтік бақылау шаралары да әзірге өткізілмейді. Себебі дәрігерлер қауіпті вирус жұқтырғандарды емдеуге тартылып жатыр. Сондықтан емханаларда тек шұғыл түскен тұрғындарға ғана қызмет көрсетіледі.

Айнара Әбдірова, №4 қалалық емхананың бөлім меңгерушісі:

- Біз бүгіннен бастап шұғыл көмек көрсетіп жатырмыз. Одан бөлек, мобильді топтың құрамын көбейттік. Үйде ковидпен науқастарға көмек көрсететін дәрігерлердің санын және медбикелердің санын арттырдық. Диспансерлік есепте тұратын науқастарға үйлеріне дәрі апарып беріп жатырмыз.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы өкілдерінің айтуынша, емхана дәрігерлерінің дертке қарсы күреске тартылуы уақытша жүретін шара. Дегенмен нақты қашанға дейін созылатынын ешкім дәл айта алмайды. Себебі аймақта эпидемиологиялық ахуал ушығып, инфекция жұқтырғандар саны күрт өсіп барады. Қазірдің өзінде, індетке қарсы ем көрсететін ауруханаларда бос орын азайған.

Бекболат Ізбасаров, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

- Инфекциялық кереуеттердің жүктемесі әсіресе қала бойынша қазір жоғары болып тұр. Теміржол ауруханасын айтатын болсақ, 97 пайызды құрап отыр. Ақтөбе медициналық орталығында 93 пайыз. Ақтөбе фтизопульмонологиялық орталығында 85 пайызды құрап отыр. Яғни, бұл ауруханалар толып тұр деген сөз. Ал егер бұлар толатын болса, біз басқа ауруханаларды ашуға мәжбүр боламыз.

Өңірде індеттен қайтыс болғандардың саны да өсті. Мамандар тек соңғы бір айда 40-тан астам адамның көз жұмғанын айтады. Бұған вирустың үнділік Дельта штамының тез таралуы әсер етіп отыр дейді. Қазір мыңға жуық адам инфекциялық бөлімшелерде жатса, 91-і жансақтау бөлімінде ем қабылдауда. Жағдайды бақылауда ұстап отырған мамандар тек сақтық шараларына мейлінше мән беру керектігін айтады.

Нұрсұлу Беркімбаева, облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы:

- Кәсіпкерлерге және өзіміздің жерлестерімізге айтып кету керек. Мерекелік тойлар, садақаларға тыйым салынған. Сондықтан ол жерлерге бару өте қауіпті. Коронавирустық инфекция өршіп тұр.

Бүгінде мониторингтік топтың да жұмысы күшейтілді. Енді күніне бірнеше мәрте рейд жүргізілуде.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев