Жаңаөзенде алғашқы эко-бекет пайда болды

Жаңаөзенде алғашқы эко-бекет пайда болды.

Маңғыстаулық тұрғындар енді көшеде жатқан тұрмыстық қалдықтарды жинап, осында тапсыра алады. Бұл жерде картон-қағаздардың 1 келісіне 20, алюминий құтылардың 1 келісіне 80 теңгеден төленеді. Пластик қалталарды көптеп жинап әкелген адам да табыс табады. Осылайша, эко-бекет күніне кемі 1 тонна әртүрлі қалдықтарды қабылдап жатыр. Сондай-ақ жаяу жүргіншілер қауіпсіздігіне орай биыл 90 орында жасанды кедергінің қойылуы қала халқын қуантып отыр.

Эко-бекетке тұрмыстық қалдықтарды көбіне-көп мектеп жасындағы балалар әкеледі екен.

«Жүрген жерін ластап, қоқыстарды шашудың орнына жиып-теріп, бізге тапсыруға ынтасы қуантады. Бір жағынан жеткіншектер өз бетімен табыс тауып, қажетті затын сатып алуға үйренеді», – дейді жоба авторы.

Бекжан Тұрсынмағанбетов, эко-бекет басшысы:

Полигонға тасталатын қоқыстардың көлемі жылдан жылға қысқарады деп ойлаймыз. 1 айдың ішінде 15 тонна жинадық. Оның ішінде 50 %-ы қағаз коробкалар, 37 %-ы пластик, 13 %-дай алюминий банкалар жиналды. Утилизациялық зауыттарымыз бар. Соларға әрі қарай келісімшартпен тасымалдаймыз.

Тағы бір қуантарлығы, Жаңаөзенде жаяу жүргінші жолдарында жасанды кедергінің жоқтығы мәселесі шешіле бастады. Соңғы уақытта түнгі мезгілде жолда адам қағу дерегі көбейіп кеткен еді. Биыл 90 орында кедергілер қою және 500-ге тарта жол белгілерін жаңартуға қала қазынасынан қаржы бөлінді.

Нұрбек Батырбаев, «Жаңаөзен қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары» ММ бас маманы:

Кедергілердің басым көпшілігі мектептер мен балабақшалардың жанындағы автокөлік жолдарында орнатылды. Бүлдіршіндер мен оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында. Сонымен қатар, 135 дана жол белгілері жаңартылды. Кезең-кезеңімен бұл жұмыстар жүргізілуде.

Сондай-ақ қаладағы 32 орында жаяу жүргіншілерге арналған бағдаршам қойылды. Автокөлік жиі жүретін үш көшеде жол кептелісін болдырмау үшін қосымша 5 данадан жарықпен белгі беру құралы орнатылды.

Айта кетейік, мұндай жұмыстар Жаңаөзенге қарасты Кендірлі, Рахат пен Теңге ауылында жалғасып жатыр.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев