Кибербуллингтен балаларды қалай қорғаймыз?  

Қылмыстық кодекске кибербуллинг түсінігін енгізу қажет. Себебі бұл да қылмыстың бір түрі, деп «Хабар 24» заңгерлерге сілтеме жасап хабарлайды.

Бүгінде әлеуметтік желі арқылы адамның абыройына нұқсан келтіріп, қорқытып-үркіту жиілеген. Желіде желіккендерді жөнге келтіретін бір жүйе керек дейді мамандар.

Айнұр Қуатқызы, тілші:

– Жалпы кибербуллингтің не екенін білесіз бе? Әлеуметтік желіде біреудің жеке басына тиісіп, абыройына нұқсан келтіретін хат жазсаңыз, бұл да қылмыстың бір түрі саналады. Яғни кибершабуыл жасағаныңыз үшін сотты болуыңыз мүмкін.

Цифрлық технология дамыған сайын оған деген сұраныс та артып барады. Әлеуметтік желінің де түр-түрі бар. Әсіресе, жасөспірімдер TikTok пен youtube-тің шырмауына еніп, ондағылардың айтқанына сенеді. Ал елордалық Толқын Наурызбаева болса қызының әлеуметтік желіде нені қарап, қандай ақпарат алатынына дейін бақылауда ұстайды. Себебі ғаламторда «Әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ». Баласы түрлі мессенджерлер арқылы кибербуллингке тап бола ма деп қорқады.

Толқын Наурызбаева, қала тұрғыны:

– Балалардың көбі қазір әлеуметтік желіде көп уақыт өткізеді. Оның пайдасы бар. Бірақ зияны да көп. Біз ата-аналар бақылап отыруымыз керек. Саған неше сағат керек деп сұраймын баламнан. Тәулігіне екі сағат қана береміз. Мен арнайы программалар арқылы әлеуметтік желіде баламның уақытын шектеймін.

Ғаламтордағы қауіп-қатермен күресте ата-ананың рөлі маңызды. Сондықтан балаларына интернеттегі қауіп туралы айтып, мінезіндегі кез келген өзгерісті бақылауда ұстау керек дейді психологтар. Айтуынша, егер бала проблемасын айтып келсе, оны бас салып кінәлап, дүрсе қоюдың қажеті жоқ. Керісінше, мәселені бірге шешу керек. Мектеп басшылығы мен ұстаздардың да қырағылығы маңызды. 

Серікгүл Сали, отбасылық психолог:

– Мектепте кибербуллингтің болмауы сол мектептің басшылығы мен ұстаздарына байланысты. Егер қандай да бір мектепте кибербуллинг орын алса, ондай мектептен балаларды алып қашу керек. Ата-аналардың арасында менің балам мінезі әлсіз, жұмсақ сондықтан балам оны өзі жеңіп шығады деген қате пікір бар. Бұл барып тұрған сандырақ. Бала еш уақытта оны өздігінен жеңе алмайды. Бала психикасында тежеу болып даму тоқтайды. Сондықтан сақ болыңыз.

Кибершабуылшылар негізінен кәмелет жасына толмаған мектеп оқушыларын нысанаға алатын көрінеді. Өйткені қорғансыз бала қорыққанынан өзіне қысым жасалып жатқаны туралы ешкімге тіс жармауы мүмкін. Ересектер де кибершабуылға тап болып жатады. Ондай жағдайда бірден скриншот жасау арқылы дәлелдемелер жинап, әлеуметтік желінің әкімшілігіне шығу керек. Содан кейін заңгердің көмегіне жүгінуге болады.

Дана Мұхамеджанова, «Kazguu» университетінің аға оқытушысы:

– Қазіргі уақытта кибербуллинг түсінігі нақты қылмыстық кодексте анықталмаған. Алайда әртүрлі формадағы құқық бұзушылықтар арқылы қылмысты анықтаймыз. Егер жала жабу болса, әкімшілік кодекс арқылы реттеледі. Егер бұл қылмыс адамның өзіне қол жұмсауына әкелетін болса, немесе оның көлемі терең әрі ауқымды болса, онда қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

Мамандардың айтуынша, балаларды ғаламторлық қысымнан қорғайтын заң әлемнің 21 елінде бар. Ал Қазақстанда кибербуллингтің құрбандары туралы ешкім статистика жүргізбейді. Тіпті бұған дейін сарапшылар балаларды қорғайтын ұлттық бағдарлама қабылдау керектігін де айтқан. Алайда әзірге нақты жүйе жоқ.

Айнұр Қуатқызы, Наурызбай Құрманғазы, Асхат Қарақойшы