Майқұдықтың жолы биыл пайдалануға беріледі

Майқұдықта 2 жылдан бері жөнделіп, бітпей-ақ қойған 11 шақырымдық жолдың әуресі биыл аяқталады. Осы екі жылда бұл мәселе халықтың да ығырын шығарып, шыдамын тауысты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Себебі ұзын-сонар кептелістен жүргізушілер, шаңнан жүргіншілер мезі болған. Мұндағы қай тұрғын болсын аудан орталығындағы ауқымды жұмысқа сыни көзбен қарайды. Себебі 2 жылдан бері бітпей қойған жұмыс барлығын мезі еткен. Бірақ 150 техника, 250-ге жуық жұмысшы Майқұдық пен Қарағанды арасындағы 11 шақырым жолды жөндеу үшін күн-түн демей еңбек етіп жатыр.

Рүстем Қожағапанов, қалалық Тұрғын үй шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары:

- Толығымен қазан айына дейін асфальт-бетон жұмыстары аяқталады. Жалпы осы жылдың аяғына дейін жұмыс аяқталуы керек. Қосымша тротуар, ауа райы қолайсыздығына қарамайтын жарықтандыру, бағдаршам жұмыстары қалды.  

Жолдың тең жартысы 6 жолақты, ал қалғаны 4 жолақты болады. Онымен қатар жаяу жүргінші жолы, жол жиегіндегі жарықшамдар толық ауыстырылады. Былтыр 5 шақырымға жуық жолдың осы бір бөлігі жөнделген, келер аптада мұнда көлікпен жүруге рұқсат беріледі. Бірақ жол белгілері мен бағдаршамдар жоқ. Ал оқу жылының басталуы жақын. Жұртшылық мектепке баратын балалары үшін алаңдайды.

Еркебұлан Кәрімғожин, қалалық ПБ әкімшілік полиция қызметінің мемлекеттік автоинспекторы:

- Сол учаскелерде бізде патрульдік полициямен наряд күшейтіліп, уақытша жол белгілері қойылады. Жаяу жүргіншілерге жол белгісі қойылмақ. Тәулік бойы жұмыс істейміз.

Қазір жолдың небәрі 1 шақырымы толық аяқталған. Мамандар алдағы 3 айда қалған учаскелер де мына жол сияқты тақтайдай тегіс болады деп отыр. Атап өткен жөн, 180 мыңға жуық тұрғыны бар Майқұдықтың орталық жолы 10 жылға жуық жөндеу көрмеген. Былтыр бұл жобаға 7,5 миллиард теңгеге жуық қаржы құйылған.

Авторлары: Дәуренбек Бақдәулетұлы, Сайлау Игіліков