Ынтымақтастық меморандумына қол қойылды

Семей ядролық полигонының жабылуына 30 жыл толуына орай Швейцарияда арнаулы іс-шара өтті.

Осы орайда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының делегациясы Женевалық саясат пен қауіпсіздік орталығы және Женевадағы БҰҰ бөлімі кітапханасы мен мұрағаты басшыларымен кездесті. Оған Женевадағы БҰҰ кеңсесінің Бас директоры Татьяна Валовая қатысты. Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат және Женевалық саясат пен қауіпсіздік орталығы директорының орынбасары Кристина Орисич жаһандық және аймақтық қауіпсіздік мәселелері жөнінде бірлескен жобаларды жүзеге асыру бойынша ынтымақтастық Меморандумына қол қойды. Сондай-ақ арнаулы хатқа қол қойылды. Бұл мұрағат, тарихи зерттеулер, халықаралық қатынастар, БҰҰ-ның жұмысы мен құндылықтары, сондай-ақ Қазақстанның тарихи мұрасы салаларында өзара байланысты қамтитын құжат.

Бақытжан Темірболат, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының директоры:

– БҰҰ кітапханасы өз бастауын Ұлттар Лигасынан алған бірегей мекеме. Мұнда БҰҰ-ның ядролық қаруға қарсы әрекетін қамтып көрсететін мұрағаттық құжаттар жиналған. Бұл Қазақстан және Елбасы кітапханасының да маңызды бір бағыты, өйткені Тұңғыш Президентіміздің тарихи мұрасының бір бөлігі саналады. БҰҰ және Тұңғыш Президентіміздің кітапханалары арасында бірлескен жобаларды жүзеге асыру және ақпарат, кітап, басылым, мұрағаттық құжат алмасу бойынша ортақ тұстары көп.

Франческо Пизано, Женевадағы БҰҰ бөлімі кітапханасы мен мұрағатының директоры:

– Қазақстан БҰҰ-ның белді мүшесі екенін білеміз. Ядролық қарусыздану, халықаралық ынтымақтастық пен көпжақты қарым-қатынастарға зор көңіл бөлетін ел. Сондықтан, ынтымақтастық Меморандумына бүгін қол қойғанымызды жоғары бағалап отырмыз. Қазақстан мен Женевадағы БҰҰ-ының кеңсесі арасында тағы бір мықты байланыс бар. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осы бөлімнің бас директоры болған. Оның қол астында жұмыс істедім, жақсы танимын. Мұнда атқарған еңбегіне өте ризамын.