«Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпаздарына 5 млн теңге табысталды

Кешелі-бері ел ішінде ұлттық жоба жеңімпаздарын марапаттау рәсімі жалғасып жатыр.

«Мерейлі отбасына» үміткерлердің арасында көп балалы, өнерлі, еңбегімен елге танылған өнегелі әулеттер де бар.

Биыл Қызылорда облысы бойынша «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңіне 182 отбасы қатысты. Шиелілік Әбілдашевтер әулеті аймақта үздік деп танылды. Әр әжімінде бейнеттің табы бар отанасы Шырын Әбілдашева - 10 рет құрсақ көтерген алтын алқа иегері. Ала жаздай атыз жағалап, егін жайқалтқан еңбекқор ана 40 шақты немересі мен оннан асатын шөбересіне еңбектің наны тәтті екенін айтудан әсте жалықпайды. Мал шаруашылығымен айналысқан отбасында ұлттық тағамдар мен суындар үзілген емес. Бұл шаңырақ «кең болсаң, кем болмайсың» деген тәмсілді берік ұстанады.

Шырын Әбілдашева, «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпазы:

- Мейірімді болсаң, жұртқа берсең жақсы боласың. Құр өзіңе тыға берсең, ешкімге қарамасаң оны жақсы деп есептемеймін. Мен өзім әкемнен көрген жолым. Шалым қой деген жоқ. Жұмысымнан да, өнімнен де, колхоз жұмысынан да қалған жоқпын.

«Мерейлі отбасы» байқауында Солтүстік Қазақстан облысының намысын қорғаған Крейдундер әулеті Шал ақын ауданына қарасты Ольгинка ауылында тұрады. Отағасы Сергей - көп жылдар бойы жергілікті шаруашылықта механизатор. Ал Инна - білікті ұстаз. Отау құрғандарына 28 жыл болған. Екі балалары бар. Бұл жанұя бертінде балалар үйінен бес баланы бауырына басқан.

Инна Крейдун, «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпазы:

- Тағы да бірнеше бала асырап алғым келеді.Себебі олар балалар үйінде отбасының не екенін біле бермейді. Жанұядағы әкенің, шешенің, іні мен қарындастың орынын түсінулері қажет. Бірі-біріне әркез демеу болса, болашақтары да жарқын болады.

Ал Түркістан облысы бойынша «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңінде Қазығұрт ауданы Шарбұлақ ауылында тұратын Жамаловтар отбасы жеңімпаз атанды. Биыл отбағасы – Асылбек Жамалов пен отанасы Камила Төлендіқызының шаңырақ көтергеніне 30 жыл. Осы уақыт аралығында үлгілі отбасы үш ұлды дүниеге әкеліп, тәрбиеледі. Қазір ұлдарының барлығы әскери салада абыройлы қызмет етеді. Асылбек Жамаловтың мал ұстайтын жеке қожалығы бар. Жылыжай шаруашылығын да қатар дамытып отыр. Қолдан келгенше туған ауылы Шарбұлақтың гүлденуіне де атсалып келеді. Биыл ұлттық байқауға Түркістан өңірінен 1484 отбасы өтініш білдірген.

Асылбек Жамалов, «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпазы:

- Осынша отбасының ішінен топ жарып шыққанымызға өте қуаныштымын. Керемет көңіл күйде тұрмын. Мен өзімді бір ешқашан алдыға қоймаймын. Отбасында ынтымақ, береке-бірлік болса, мерейлі ғой бәрі. Балаларды тәрбиелеп, оқытып, осындай дәрежеге жеткізуге болады.

Көкшетауда да республикалық «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпаздары марапатталды. Бұл Целиноград ауданының Ынтымақ ауылында тұратын Құрмет ақсақалдың әулеті. Ардагер ұстаз, Хамиза әжей екеуі 5 баладан 14 немере сүйіп отыр. Ұл, қыздары да мұғалім. Үлгілі отбасын мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев тікелей эфирде құттықтаса, облыс әкімі Ермек Маржықпаев оларға 5 млн теңгенің сертификатын табыс етті.

Құрмет Нұрсұлтан, «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпазы:

- Отбасы - бір мемлекет. Оны басқару қиын. Отбасыда бір-біріне деген сенім, ауызбіршілік болу керек. Береке-бірлік болу керек. Сонда осындай нәтижеге жетеді.

Сондай-ақ жиында облыстық байқаудың жеңімпазы атанған Айдарбековтер отбасы да сый-құрметке бөленді. Бұл отбасы шығармашылыққа жақын. Жалпы Ақмола облысынан «Мерейлі отбасы» байқауына 200-ден астам жанұя қатысуға ниет білдірген болатын. Олардың ішінен 7 отбасы үздік деп танылды. Өңірлік конкурстық комиссияларға барлығы 2 768 өтінім түскен. Бүгін 17 отбасы жеңімпаз атанды.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашбекұлы