Кентауда жылу электр орталығы жаңартылып жатыр

Кентауда жылда қыс ортасында жарылып, жұртты әбігерге салатын қазандықтардың басқару жүйесі жаңғыртылып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кеңес заманында салынған жылу электр орталығы осы уақытқа дейін ескі жабдықтармен жұмыс істеп келген еді. Енді ішкі басқару тетіктері заманауи электронды жүйеге көшіріледі. Жаңа жүйенің артықшылығы неде? Қазандықтар қысқы маусымға қаншалықты дайын?

Жандос Жұмабек, тілші:

- Өткен ғасырдың 50-жылдары салынып, 70 жылдан бері халыққа жылу сыйлап келе жатқан орталықтың ғимараты әбден тозған. Ішкі жүйелері мен қазандықты басқару тетіктері де сол заманнан қалған. «Ескіні жамағанмен жаңа болмайды» демекші жылда қыс ортасында түрлі ахаулар шығып, жұрт жылусыз қалатын.

Қалмахан Сәбет, Кентау қаласының тұрғыны:

- Былтыр жылу болмай, авария болып, халық біраз шулады. Біраз уақытқа дейін жылу болмады. Құбыр жарылды деді, пеш жарамай қалды деді. Биыл енді ТЭЦ-ті жаңалап жатыр деп естідік. Биыл мәселе болмай деп жатыр. Жақсы болсын.

Қазір жылу электр орталығының қазандықтарды басқару жүйесі жаңғыртылып жатыр. Бұрын бұл орталықтағы жұмыстың барлығы қолмен басқарылатын. Енді ескі құрылдардың орнын жаңа сенсорлық экрандар алмастырды. Мамандардың пікірінше, компьютерлік жүйе жұмысты жеңілдетіп, қазандықтардан шыққан ахауды бірден табуға көмектеседі.

Әшірхан Төлеу, жылу электр орталығы директорының орынбасары:

- Ал бұл жерде бәрі компьютерде сақталады. Қай уақытта болса компьютерден көре беруге болады. Дәл көрсетеді, анау сияқты градус, температура, давлениясын, минус, плюсы жоқ. Нақты ақпарат береді. Сол себептен осы қондырғыларды биылғы жылы орнатып жатырмыз.

«Алайда жылу электр орталығының ғимараты әбден ескіргендіктен нысанды толықтай күрделі жөндеуден өткізіп, қазандықтарды ауыстыру және көмірден газға көшіру тиімсіз. Одан да жаңасын салған әлде қайда пайдалы», - дейді мамандар. Ол үшін шамамен 10 млрд теңге қаржы қажет. Бұл мәселені ең алғаш 2019 жылы өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев те көтерген болатын. Бірақ мәселе әлі де ашық күйінде қалып отыр. Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарына сәйкес еліміздің Энергетика министрілігі өңірді электрмен жабыдықтау саласында 49,7 млрд теңгеге 11 жобаны іске асыру көзделгенін айтқан болатын. Енді кентаулықтарға сол жобалардың ертерек іске асқанын күтуден басқа амал жоқ.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашбекұлы