ЕҰУ қабырғасында «Қазақ радиосының» студиясы ашылды

Еуразия ұлттық университетінде «Қазақ радиосының» студиясы ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Студенттер радиобағдарламалар дайындап, республикалық эфирге қосылатын болады.

Қазақ Радиосының 100 жылдық мерейтойына орай студияның ашылу салтанатына әр жылдары еңбек еткен сала ардагерлері қатысты. Студияда белгілі журналистер студенттерге заманауи контент туралы дәрістерін оқып, шеберлік сыныптарын өткізеді. Жас жүргізушілердің ұстаздарымен бірлесе дайындаған жобалары тікелей эфир хабарына жолданады. Студия болашақта мықты мамандарды дайындау үшін таптырмас алаң болмақ.

Жүрсін Ерман, ақын, журналист:

- Осыдан 100 жыл бұрын анау Орынборда қазан айының алғашқы күндері Ахмет Байтұрсынов қазақ радиосын қаһармандықпен өмірге әкелуіне үлес қосқан екен. Сонан бері бұл радио кәдімгі тұрмысымызға еніп, жан серігімізге айналды.

Қайрат Сақ, Л.Гумилёв атындағы ЕҰУ Журналистика және саясаттану факультетінің деканы:

- Ашылып жатқан радиостудияның маңызы үлкен деп білеміз. Мұндай студия бізде бұрын да бар. ҚР Президенті телерадиокешенінің сыйлаған телестудиясы бар факультетімізде. Сонымен бірге «Хабар» агенттігінің аудиториясы жабдықталған.