Астананың лас ауасынан астма ауруының асқынуы жиілеген

Қолқаны қабар түтіннен құтылу үшін Елорда тұрғындарының желді күтуден басқа амалы жоқ. Мұны синоптиктер де айтып отыр. Жылда қайталанатын көріністен астаналықтар әбден жауыр болғаны соншалық, бас шаһарға тезірек табиғи газдың келуін аңсайды.

Төменде көп байқалмайды. Бірақ шатырға шығып қарасаңыз, қала құдды бір өртеніп жатқандай. Ал бұл бар болғаны мұржадан шыққан түтін. Осыған байланысты елордалықтар медициналық бетпердені тек вирустан емес, мынадай қолқаны қабатын тұмшадан қорғану үшін де тағуға мәжбүр. Бұл әдет бас шаһар тұрғындары арасында пандемияға дейін әлдеқашан қалыптасқаны белгілі.

Қала тұрғыны Диастың жасы 24-те. Алматыдан 2018 жылы көшіп келді. Ауаға тараған қалың түтінді көргенде Нұр-Сұлтан қаласының экологиялық жағдайы оңтүстік астанадағы жағдайдан мәз еместігін түсінген. Елорданың Алматы ауданына бара қалсам, бірден тынысым тарылады дейді жас жігіт.

Диас Қовланбаев, қала тұрғыны:

– Әлбетте мен елордада ауа осыншама лас болады деп ойламаппын. Жаз айларында көп байқалмайды. Бірақ жылыту маусымы басталған кезде жұтарға таза ауа таппай қиналамын. Аздап тұтығатыным бар. Ауасы лас ауданға жолым түссе, демікпем басталады. Салдарынан тұтығуым да жиілейді.

Жалпы жыл сайын ел бойынша әуеге тарайтын лас қалдықтың көлемі шамамен 2,5 миллион тоннаға жуықтайды. Оның ішінде көліктен шығатын газ, жылыту электростанциялары мен кәсіпорындардың түтіні бар.

Әлия Баймағанова, эколог:

– Қазгидромет деректеріне сүйенсек, өткен аптада қала ауасының шамадан тыс ластануы бойынша 518 жағдай тіркелді. Оның ішінде "Ғарышкерлер" көшесі, Хазрет Сұлтан мешітінің айналасы мен Алматы ауданы бар. Әсіресе тып-тымық күні қатты байқалады.

Осының салдарынан тұрғындардың денсаулығы күрт нашарлай түсті. Мәселен, былтыр елордада тыныс алу ауруларынан 200-ге жуық адам қайтыс болған.

Айжан Ерназарова, пульмонолог дәрігер:

– Жалпы ауаның ластануынан көптеген аурулар пайда болады. Ең бірінші бронха астма. Қазіргі таңда өте жиілеп кетті. Оған үш түрлі фактор әсер етеді. Бірінші фактор ол –аллерген. Екінші – химиялық зауыттардың салдары. Және де үшіншісі –инфекциялық аурулар салдарынан.

Астма асқынып қана қоймай, арты өкпе қатерлі ісігіне алып келуі мүмкін. Ауаның лас болуынан туындайтын дерттер жас талғамайды. Сондықтан ағзасы толық қалыптаса қоймаған балалар үшін де қауіпті, дейді дәрігерлер.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Жандос Сұлтанғазы

Сондай-ақ...