«100 шақырымға жүгіруге қосыл» челленджі жалғасып жатыр

Халықты салауатты өмірге шақыру мақсатында осыдан бір ай бұрын «100 шақырымға жүгіруге қосыл» челленджі басталған болатын. Осы игі бастаманы Алматылық Әсет Көпбаев жалғастырып әкетті. Ол бір айдың ішінде 167 шақырымды бағындырып үлгерген. Жастайынан спортқа жақын болған Әсеттің ендігі арманы әлемдегі айтулы марафондарға қатысу.

Тарамыстай тартылып тұрған Әсетті алғаш көргенде жас жігіт деп ойлағанымыз жасырын емес. Сөйтсек, қамал алар жасқа жақындап қалыпты. Үнемі бабында жүруінің сыры дене тәрбиесі екен. Бала жасында шығыс жекпе-жек түрлерімен шұғылданған Көпбаев, көптен бері жүгіріп жүргенін айтады. 100 шақырымдық челленджді қуана қабылдап, бір айдың ішінде 167 шақырымды бағындырып үлгерген.

Әсет Көпбаев, марафоншы:

– Біріншіден, артық салмақты жою керек. Күн сайын жүгіру керек. Ең бастысы кішігірім шақырымнан бастау керек. Бірден 20-30 км жүгіру – қателік. Дәрумендерді қосымша ішуге болады, әрине. Көбірек жеміс-жидектерді жеу керек. 

Әсет кениялық әйгілі марафоншы Элиуд Кипчогеден көп үлгі алатынын, сондай-ақ елімізге белгілі марафоншы Марат Жыланбаевқа еліктейтінін жасырмайды. Алматы мен Стамбул қалаларында өткен марафондарға қатысқан. Тіпті осы 100 шақырымдық челленджге қатысу үшін де білікті бапкермен жұмыс жасап, тыңғылықты дайындалған.

Әсеттің екі баласы да спортқа жақын екен. Жұбайы да салауатты өмір салтын серік етеді. 21 шақырымды 1 сағат 40 минутта жүгіріп жүрген Әсет енді сол көрсеткішін 1сағат 30 минутқа жеткізуді жоспарлайды. Арманы – Бостон мен Берлин марафондарына қатысу. Мақсаты – рекорд жаңарту емес қазақ жастарының спортқа деген қызығушылығын ояту.

Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Радик Жақыпов