Жылдар бойы жөнделмеген Жақсы-Чистополье тас жолы қалпына келтіріліп жатыр

Ақмола облысында жылдар бойы жөндеу көрмеген Жақсы-Чистополье бағытындағы тас жолы қалпына келтіріліп жатыр. Алматы-Екатеринбург бағытындағы трассаның бұл учаскенің құрылысына ел қазынасынан 15 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген.

- Яма на яме, кочка на кочке, люди умирали на этой трассе, машины разбивались... 

Жолдың жайын жүрген біледі. Бұл жолдың ой-қыры оның бойында орналасқан 5-6 ауылдың тұрғындарына жақсы таныс. Солтүстік Қазақстан облысының шекарасына дейінгі 58 шақырым көлік жүргізушілерін жыл он екі ай азапқа салатын. 

Сарбаш Сабыров, көлік жүргізушісі:

- Бұрын ауылдан аудан орталығына жету үшін жазда дала жолдарымен жүретінбіз. Қыста ол жабылған соң амал жоқ тоз-тозы шыққан тас жолмен жүруге мәжбүр боласың. Бірақ оның өзі боран соқса қар басып қалады. Біз, мысалы, Маховое ауылында тұрамыз. Үйімізге жетем дегенше көлігіміз қирап қала жаздайтын.

Жазда басталған құрылыс биыл бітпейді. Көліктер әзірге мердігер компанияның уақытша салған айналма жолымен жүріп жатыр. 

Рашид Хелилов, бас мердігер компания өкілі:

- Осы жылы жолдың 10 шақырымына тас төсеп, асфальттауға дайындап қойдық. Бес жерден су өтетін құбыр салынды. Ендігі жылы тағы 9 құбыр орнатылады. Мұның бәрін көктемгі су тасқынына қарсы жасап жатырмыз. Жалпы құрылыс 27 айға жоспарланған. Яғни бұл жол 2023 жылы толық пайдалануға беріледі. Бірақ келесі жылы көліктердің жүре беруіне мүмкіндік береміз. Трасса іске қосылған соң оның қарын тазалауды өз мойнымызға аламыз. 

Бұдан бөлек биыл облыстық және аудандық маңыздағы жолдарды жөндеуге 38 млрд теңге бөлініпті. Бұл қаражатқа бас-аяғы 800 шақырым жол қалыпқа келтірілмек. Атап айтсақ, соңғы жылдары көлік жүргізушілерінің бас ауруына айналған Қима-Державинск және Атбасар-Сочинское бағытындағы жолдардың құрылысы да осы жылы аяқталады, дейді мамандар. Ал жұмыстардың сапасы құзырлы органдардың жіті бақылауында болмақ. 

Александр Волков, жол активтері ұлттық сапа орталығы филиалының бөлім жетекшісі:

- Жыл басынан бері Ұлттық сапа орталығы аймақ жолдарынан 1300-ден астам сынама алып, олардың 33 проценті талапқа сай келмейтінін анықтады. Барлық кемшілік бойынша тапсырыс берушілер мен мердігерлерге хат жолданды. Нәтижесінде құрылыс компаниялары кейбір жол учаскелерін өз қаражатына қайта салуға мәжбүр болды. 

Ал жергілікті билік өкілдері өңірде 2022 жылы да біраз жолдар қалыпқа келтіріледі дейді. Атап айтсақ, 200 шақырым республикалық және тағы жүздеген шақырым облыстық маңыздағы тас жолдар жөндеу көрмек. 

Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко