Тәуелсіздікке 30 жыл: тарихқа шолу

Биыл ел Тәуелсіздігіне – 30 жыл. Осыған орай, өткен тарихты шолып, егемендік жылнамасына көз жүгіртпекпіз. 

ҚАСІРЕТ ТОҚТАҒАН КҮН

1991 жылдың 29 тамызында Қазақ КСР Президентінің «Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы» Жарлығы болды. Қазақ жерінде 40 жылдан астам уақыт бойы сынақ жүргізілген ядролық қаруға нүкте қойылды. Елбасының осы тарихи шешімі, батыл қадамы бүгінде дүние жүзіне мәлім тарихи фактіге және біздің ұлттық мақтанышымыздың мәніне айналды. Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас ассамблеясы біздің ел Президентінің ұсынысын мақұлдап, 29 тамызды Халықаралық ядролық қару-жараққа қарсы күрес күні деп жариялады.

ҒАРЫШҚА ТҰҢҒЫШ САПАР

1991 жылдың 2 қазанында Байқоңыр ғарыш айлағынан тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіров космосқа ұшты. Бұл күн Қазақстанның ғарышқа тұңғыш сапары ретінде тарихқа енді. Дәл осы күні Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Байқоңыр» ғарыш айлағында тұрып, республиканың Ұлттық аэроғарыш Агентігінің құрылғанын жариялады.

ТӘУЕЛСІЗДІК – ТҰҒЫРЫМ!

1991 жылы 10 желтоқсанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының атауын өзгерту туралы» Заң қабылданды. Осы заңға сәйкес жаңа құрылған тәуелсіз мемлекет Қазақстан Республикасы деп аталды. 1991 жылы желтоқсанның 16-сында Қазақстан өз Тәуелсіздігін жариялады. Осылайша әлем картасында Тәуелсіз Қазақстан атты жаңа мемлекет пайда болды. Оның тұңғыш Президенті болып Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сайланды.