Қазақстан мен Жапония қорғаныс ведомстволары ынтымақтастық кездесуін өткізді

Алматы қаласындағы Қорғаныс министрлігінің Бітімгерлерді даярлау орталығы жапон делегациясын қарсы алды, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Шетелдік қонақтарға орталықтың бастығы полковник Бауыржан Нығметуллин орталық қызметінің мақсаты мен мәні, оның ішінде бітімгерлік курстар мен қарқынды тілдік дайындық туралы хабардар етті. Орталықты дамыту жоспарында өткізілетін курстарды көбейту және мекеменің өңірлік деңгейге шығуы да бар екенін де айтып өтті.

Айта кетейік, жақында «БҰҰ-ның Азаматтық тұрғындарды қорғау – United Nations Protection of Civilians Course» атты БҰҰ-ның сертификатталған халықаралық курсы аяқталған болатын. Онда Бангладеш, Бразилия, Қазақстан, Мавритания, Мозамбик, Нигерия, Пәкістан, Сауд Арабиясы және Финляндия Қарулы Күштерінің өкілдері оқыды.

Сондай-ақ сапар барысында Қазақстан мен Жапония қорғаныс ведомстволары арасындағы орталықтың бітімгершілік әлеуетін дамытудағы екіжақты ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды.