Ақмола облысында саяси қуғын-сүргін құрбандары жазасын өтеген лагерьлердің орыны табылды

Ақмола облысында саяси қуғын-сүргін құрбандары жазасын өтеген 4 бірдей лагерьдің орыны табылды. Төртеуі де  Зеренді ауданының аумағында орналасқан. Бұрын соңды беймәлім болған бұл жерлерді құрбандарды ақтау мақсатында құрылған өңірлік жұмыс тобы анықтады.

Қуғын-сүргін құрбандары қамауда болған лагерьлердің бірі Үлгілі ауылының маңында орналасыпты. Тарихшылар бұл жерді бір жыл бойы зерттеді. Мұнда тіпті сотталғандарды күзеткен офицерлердің де зираты бар екен.

Тілеген Сейфуллин, Зеренді аудандық мемлекеттік мұрағат директоры:

- Жергілікті ақсақалдардың айтуынша, бұл лагерь 1936 жылдан бастап 1952-1953 жылдарға дейін жұмыс істеген. 2 мыңға жуық адам сотталған. Негізінен бұл жерде сотталғандар саяси тұтқындар, мұғалімдер де болған, бірін бірі көрсеткен ауыл председательдері, бір уыс бидай үшін сотталғандар да осы жерде отырған көрінеді.

Зерттеушілер бұл араға арнайы белгі орнатып, құрбандарға Құран бағыштады. Ендігі мақсат лагерь орнына ескерткіш қойып, мұнда болғандардың тізімін анықтау.

Марат Өтегенов, тарихшы:

- Осы жерде болған лагерьлер уақыт өте ұмытыла бастаған. Соны біз ел арасындағы әңгімелермен, сол кезде мысалы Ресейден жер аударылып, кішкентай бала болып келіп, сол лагерьді көзбен көрген. Сол лагерьлердің орынын көрсетіп, кімдер сол лагерьде қызмет етті, кімдердің ұрпақтары бар деп. Лагерь басшысының жаңағы қызының метіркесін, туу туралы куәлігін қарап, оның сол орнын анықтап, сосын Қарағандыдағы архивке барып, ол жақтан құжаттарды көріп, осы жаққа жер аударылған деп. Ол кезде Қарағанды облысы болды ғой.

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі жұмыс тобының отырысына тарихшылардан бөлек ауыл ақсақалдары да қатысып, көрген-білгендерін ортаға салды. 

Нығметжан Закирин, зейнеткер:

- Сол тұтқындар сетканың ішінде тұратын. Барған адамға қарап, сеткадан асылып қарап тұратын. Бала кезімдегі сол есімде қалды. Бертін келе сол есімде болған соң көрсеткен себебім сол еді.

Ал қалған лагерьлердің орны Баратай, Симферополь және Приречный ауылдарының маңында орналасқан. Енді олардың бәрі жан-жақты зерттеліп, тарихи жерлерге туристік бағыт та ашылады. Тарихшылар мұндай түрмелер Біржан сал ауданының аумағында да болуы мүмкін деген болжам айтып отыр. 

Дамир Берікұлы, Азат Аитов