Петропавл әуежайы жуырда жұмысын тоқтатуы мүмкін

Петропавл халықаралық әуежайы 10 желтоқсаннан бастап жұмысын тоқтатуы мүмкін.

Еліміздің авиация әкімшілігі стратегиялық нысанның жарамдылық сертификатын тоқтату туралы шешім қабылдады. Арнайы тексеріс барысында бірқатар олқылық анықталған. Мұны әуе компанияларының бірі ресми сайтта да жариялады. Осыған байланысты алдын ала билет алған жолаушыларға ақшасы толық қайтарылатын болады. Бүгінгі күні Петропавлдан Түркістан, Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларына аптасына 15 рейс қатынайды. Күніне әуе қызметін орта есеппен 150-ге жуық адам пайдаланады екен.

Естеріңізге сала кетейік, шамамен осыдан 5-6 жыл бұрын мұнда күрделі жөндеу жұмыстары жүрігізіліп, ұшып қону жолағы мен жолаушылар терминалы толықтай жаңартылған болатын. Бұл мақсатқа ел қазынасынан қыруар қаржы жұмсалды.

Мақсат Баяхмет, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының жетекшісі:

- Оныншы желтоқсанға дейін уақыт бар. Осы аралықта ұшақтардың үстіне мұз қатпауы үшін пайдаланылатын арнайы материалдарды жаппай сатып алуымыз қажет. Бұдан бөлек тиісті қызметкерлерді жұмысқа аламыз. Қазір біз көбіне мамандарды Түркістаннан шақыртып жатырмыз. Жарамдылық сертификатын ұзарту үшін осы сынды нұсқауларды уақытылы орындауымыз керек.