Бурабай баурайында өткен халықаралық құсбегілер сайысы мәресіне жетті

Халықаралық «Қансонар» сайысына қатысқан 50-ден астам құсбегінің арасынан  алматылық Бекнияз Қуанышбаев үздік атанып, 4 млн теңгелік бас жүлдені иеленді, деп хабарлайды Хабар 24.

Ұлттық спорт сайысына көрші Өзбекстан, Қырғызстан мен қатар Қытай, Моңғолия, Мажарстаннан да саятшылар келген. Ерасыл Серікбекұлы – биылғы бүркітшілер турнирінің ең жас қатысушысы. Ақмола облысының Целиноград ауданынан келген 13 жастағы бала, құс баптаумен 5 жыл бойы айналысып келеді. «Алғыр» есімді қаршығасын бәйгеге қосқан ол, құсбегілік өнерді әкесінен үйреніпті. Осыған дейін 7-8 жарысқа қатысқан жігерлі жасөспірім бұл жолы да жүлделі болды. 

Ерасыл Серікбекұлы, жас құсбегі:

– Құсбегілік енді былай баптағанымен қызық, аңға шыққанымен қызық. Мұны аңға салған кезде үйректерге, қояндарға саласың. Енді салған кезде түсе ма, түспей ма деп те увйымдайсың. Түскен кезде жақсы бір қуаныш болады.

Ұлттық спорт сайысы биыл аймақта осымен жиырма бірінші рет ұйымдастырылып отыр. Яғни 2000 жылдан бері бұл турнир тұрақты түрде өткізіліп келеді. Ал 5 жыл бұрын ол халықаралық деңгейге көтерілді.

Сала мамандарының айтуынша, соңғы жылдары елімізде құсбегілердің қатары көбейген. Мәселен, осыдан 7-8 жыл бұрын Қазақстанда бұл өнермен 40 шақты адам ғана айналысса, қазір олардың сапы 2 есеге артқан.

Базарбек Күнтуған, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің өкілі:

– Қазір біздің 12 облыс 3 қалада құсбегілік бөлімдері, саятшылық бөлімі ашылған. Әр облыстарда аға жаттықтырушылар жұмыс істеп жатыр. Енді соңғы бізде ашылмай қалған облыстар Қызылорда, Орал және Қостанай қаласында болмаса, басқа өңірдің барлығында осы құсбегілік бөлімі ашылған. Қазақстан республикасында қазір 100-ден астам құсбегілер бар. Бәрі даму үстінде. Ең бірінші мақтанатын нәрсе жастар қазір осы жарыста да жастар көп.

Алайда, 100-ден астам құсбегінің тек жартысы ғана қазір осындай кәсіби жарыстарға қатысады. Себебі қыран құсты додаға салу мақсатында арнайы баптау оңай емес. Мәселен, бүркіт бабында болу үшін күніне кемінде 2 келі ет жеуі тиіс. Оның үстіне түз тағысының жәй-күйін толық түсіну мүмкін емес, - дейді, құсбегілер.

Қаһарман Жәнібеков, құсбегі:

– Құс баптаудың қыр-сырын толық ешкім меңгермеген оны. Енді ақсақалдар бар. Бірақ олардың өзі Қазақстан бойынша үш-төртеу қалған шығар. Енді ол кісілер өте қартайды қазір. Қазір енді жастар жақсы-жақсы құсты баптап шығарып жатыр енді.

Айта кетейік, бұрын қыран құсты пойызда алып жүруге тыйым салынған еді. Ал биыл оған рұқсат беріліп, тасымалдау мәселесіндегі түйткіл шешілді, - дейді құсбегілер. Ендігі мақсат саланы одан әрі дамыта беру. Ол үшін құсбегілікті насихаттау жұмыстары күшейіп, жарыстардың жүлде қоры көбеймек. Ұлттық өнер кәнігі спорт секілді кең қанат жайып, дәрежесі қазақ күресі, көкпар мен бәйгедей биік болады. Ал алдағы жылы елімізде бүркітшілер арасында әлем чемпионатын ұйымдастыру да жоспарланып отыр.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко