Алматы облысы Үңгіртас ауылында әлеуметтік мәселелер толық шешілген

Тоқырау жылдары Үңгіртас ауылынан да береке кете бастаған еді. Дегенмен, ел еңсесін тіктеген тұста қайта қарқын алды. Жол, ауыз су сынды әлеуметтік мәселелер толығымен шешілген. Өнім өңдейтін кәсіпорын да ашылды. Қазір жергілікті тұрғындардың дені сол өндіріс орнында еңбек етеді. Сонымен қатар егін салып, мал өсіреді. Тіпті ауылға қайта оралып, шаруасын дөңгелетіп отырғандар да бар. 

Бейбіт Есімбеков тәуелсіздіктің алғашқы жылдары отбасымен бірге қалаға қоныс аударған. Он жылдай әртүрлі салада еңбек еткен соң туған жеріне қайта оралыпты. Қара шаңырақты ұстап отырған үй иесі қазір қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. Еңбекқор азамат мемлекет көмегімен жеке шаруашылық ашып, ісін ілгерілетіп отыр.  

Бейбіт Есімбеков, ауыл тұрғыны:

- Ауылға мүмкіндік көп қазір. Қазір өкіметімізден көмек көрсетіліп жатыр ғой. Кредит жағынан мал өсірем десең, егін егем десең. Өзім осыдан үш жыл бұрын мемлекеттік бағдарламамен 6 процентпен 3 млн ақша берді. Мал басын көбейттім.

Кейінгі жылдары елді мекенде құрылыс қарқын алып, әлеуметтік нысандардың барлығы жаңартылған. Дәрігерлік амбулатория мен мектеп күрделі жөндеуден өткізіліп, учаскелік пункт салынды. 20 жыл бойы қаңырап бос тұрған мәдениет үйі де қалпына келтіріліп ел игілігіне берілді. Бұған әсіресе ауылдың өсіп өркендеуі мен құлдырауын көрген Алтын Садықова сияқты үлкендер жағы риза. 

Алтын Садықова, ауыл тұрғыны:

- Жас күнімде балаларымды әкелдім. Ия, бірге жүрдік. Балалардың несін көтеріп, енді немелерді алып келеміз. 

Енді балалар жаңартылған нысанда әртүрлі үйірмелерге қатысып ғана қоймай кітап оқып, ой-өрісін кеңейтеді. 2008 жылдан бері әкімдіктің тар бөлмесінде болған кітапханаға мәдениет үйінен орын берілді.

Гүлшар Асылбекова, кітапхана меңгерушісі:

- Оқырмандарым кешелі бері келіп кіріп көріп қуанып жатыр. Оқу залы бөлек мынау абонементский дейді. Мына кітаптарын өздеріне қажеттісін алғаннан кейін ана жерге барып оқиды. Конференциялар барлығы сол жерде оқиды.

Ауылдың іргесінен «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» автомагистралі өтеді. Тақтайдай тегіс жолдың салынуымен Алматыға барыс келіс жеңілдеді. Ауыл іші де асфальтталған. Көгілдір отынмен қамту және ауыз су мәселесі де шешімін тапты.

Сейітхан Қалиев, ауыл тұрғыны:

- Ауылда газымыз келіп, шетімізден газ түсіріп жатыр. Су түсіп жатыр. Қазір Құдайға тәубе, бәрі жақсыланып келе жатыр. Шетінен жаңарып келе жатыр.

Болатхан Батырбаев, ауыл тұрғыны:

- Тоқырау заманында мына жерде түк болған жоқ. Қаншама ғимарат құлап тұрды. Мына адамдар кіруге ұялатын. Қазір шетінен дұрысталып келе жатыр. Қазір жақсы, Құдайға шүкір.  

Ынтымақ, бірлігі жарасқан Үңгіртас ауылының тұрғындары өз күшімен мешіт салған. Қазір жергілікті кәсіпкерлердің бірі балабақша құрылысын қолға алды. Жаңа ғимараттардың бой көтеруімен елді мекен қайта түлеп, ондағы тіршілік те жанданып келеді.

Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев