Алматыдағы хайуанаттар бағына екі жолбарыс қосылды

Зообақ ережесіне сәйкес жыртқыш аңдар 27 қарашадан бері карантинде тұр, деп хабарлайды Хабар 24.

Бентли мен Лад егіз қозыдай бірге жүріп, бірге ойнағанымен, бір ананың төлі емес. Екеуі де 2019 жылы бірі наурызда, бірі мамыр айында туған. Кішкентайынан бірге өскен соң бір-біріне әбден бауыр басып қалған. Олардың дене тұрқы 2,5 метр болса, салмағы 180 килограмм. 

Дәурен Кенжебаев, хайуанаттар бағының жыртқыш аңдар бөлімінің басшысы:

– Жалпы мінез-құлқы дегенде қазір енді адаптациядан өту керек. Аң болса да климатқа бейімделу уақытын, сонымен бірге мал дәрігерлік іс шара өткіземіз. Қазіргі таңда бұларға дегельминтизация және ішек-құрт ауруларына, сонымен бірге вакцина салынды.

Екеуіне тамақ жеке-жеке беріледі. Әр жолбарыстың күндік рационында 6 килограмм сиыр еті, екі литр сүт, 2-3 дана жұмыртқа, оған қоса түрлі дәрумендері тағы бар. Кейде қой, қоян еті де беріледі.

Дәурен Кенжебаев, хайуанаттар бағының жыртқыш аңдар бөлімінің басшысы:

– Сиыр еті өте құнарлы, сүйектеріне дейін шағып, дым қалдырмайды. Біздің зообағымызда 3 жолбарыс бар. Біріншісі – 2011 жылы Пермь зообағынан келген. Аты – Урман. Ол 2010 жылғы.

Бүгін Лад пен Бентлиді көруге қала тұрғындары да келіпті.

Нәйлә Құлжан, мектеп оқушысы:

– Мен бүгін бірінші рет зоопаркке келдім. Маған қатты ұнап қалды. Жолбарыстар өте ұнады. Өйткені олар үп-үлкен, күшті, ештеңеден қорықпайды.

Амур жолбарыстары жойылудың аз-ақ алдында тұр. Жабайы табиғатта 15 жыл, ал хайуанаттар бағында 20 жылға жуық өмір сүреді. Бір қызығы – жолбарыстар жеке дара өмір сүргенді қалайды екен. Бұндағы Бентли мен Лад та екі жарым жасар болған соң әлі ойыны қанбаған, жас жолбарыс ретінде әзірге бірге тұр. Есейген соң екеуі екі бөлек қоршауға қамалады. Қазір Бентли мен Ладқа әлемдегі өзге зообақтардан ұрғашы жолбарыс іздестірілуде.

Авторлары: Кәмшат Әбілқызы, Нұрдәулет Жақсыбаев