Жаңа көлік азаматтар үшін қолжетімді болуы тиіс

Қазақстандық автоәуесқойлар жаңа көлік азаматтарға қолжетімді болуы қажет деп санайды. Әлеуметтік желілерде арнайы петиция жариялаған олар негізгі ұсыныстарын айтты.

Арнайы петицияда утильдік алымның көлемін төмендету ұсынысы да енгізілген. Және халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары үшін жеңілдетілген бағдарламаны іске қосу керек дейді белсенділер.

Әрсен Шакуов, «Ортақ жол» жол қозғалысы қауіпсіздігі қауымдастығының басшысы:

- Утильдік алымды жою арқылы елге әкелінетін ескі көліктер мәселесі шешілмейді. Яғни жаңа автокөлікті сатып алуы үшін халыққа сапалы, жеңілдетілген бағдарламалар керек. Жалғызбасты аналарға, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға және көп балалы отбасыларға жеңілдік жасау қажет. Осы ұсыныстарға назар аударылғанын қалаймыз. 

Әрсен Шакуов 10 жылдан бері көлік саласындағы өзекті мәселелерді көтеріп, зерттеп келеді. Айтуынша,  қазір автомобиль - бұл әлеуметтік қажеттілік.

Әрсен Шакуов, «Ортақ жол» жол қозғалысы қауіпсіздігі қауымдастығының басшысы:

- Әсіресе біздің елде көлік мәселесі өзекті. Бүгінгі таңда бір отбасына бір автомобиль қажет екені айтпаса да түсінікті. Бірақ бұл көліктің жаңа әрі қауіпсіз болуы маңызды. 

Сондай-ақ белсенділер жаңа мемлекеттік оператор қызметінің ашық болуын талап етіп отыр. Олар ең алдымен жолдарды ескі-құсқы көліктерден тазарту үшін автокөліктің техникалық байқауын жетілдіру керек деп санайды. Қазір петицияға бес мыңнан астам адам қол қойған.

Наргиз Бекмағанбетова, Аят Дүйсенбаев, Болат Абдуллин