Кредитке алған көлігі бүлік кезінде өртеніп кеткен адам банкке 10 млн теңге қарыз

Алматыдағы дүрбелеңде 350-ден астам автокөлік бүлінді. Олардың арасында полиция, жедел жәрдем, өрт сөндірушілердің және инкассатор көліктері мен әскери техникалар да бар. Бұзақылар қарапайым тұрғындардың да темір тұлпарына қастық қылған. Ұрланған көліктер де бар.

Мемлекетке тиесілі техниканы мемлекет өзі реттер. Ал қарапайым адамдар қайтпек? Бұл шығынды кім өтейді?

Қақтығыстың салдарынан көліксіз қалғандардың бірі алматылық Рафаэль Әбдірашитов. Ол темір тұлпарын 8 ай бұрын жеңілдетілген несие арқылы алған еді. 15 млн теңгеге бағаланған көліктің алғашқы жарнасын төлеп, 4 жылға рәсімдеген. Бүлікшілер Республика алаңы маңындағы автотұрақта тұрған полиция көлігін өртеген кезде оның да машинасына от тиіп,  түгелдей жанып кеткен.

«Енді міне қайта қара жаяу қалдым. Оған қоса банкке 10 млн теңге қарызбын», - дейді Рафаэль. 

Рафаэль Әбдірашитов, қала тұрғыны:

- Қаңтардың 5-інен 6-сына қараған түні өртенді. Мен бірден полицияға хабарластым. Бірақ ол кезде қалада жағдай ушығып тұрған болатын. Полиция 10 қаңтарда ғана келді. Қырсық қылғанда сол жердегі бейнекамералардың барлығы істен шыққан. Банкке барып, төлемді кейінге қалдыру туралы өтініш жаздым. Төтенше жағдай департментіне де хабар бердім.

Полиция департаменті оның мүлкінің бүлінуіне қатысты қылмыстық іс қозғады. Алматыда одан өзге тағы ондаған көлікке зақым келген. Қазір нақты саны анықталып жатыр.

Салтанат Әзірбек, қалалық ПД ресми өкілі:

- Бірінші кезекте жәбір көрген азаматтар полицияға ресми шағым түсіруі керек. Содан соң қылмыстық іс қозғалып, осы кінәлілерді анықтауға бағытталған іс-шаралар жүргізіледі. Қылмыстық істің өндірісі біткеннен кейін материалдары сотқа жөнелтіледі. Сот процесі кезінде жәбірленуші келтірілген материалдық шығынды талап етуіне болады.

Адвокаттар да көлік иесінің қолында дәлел болуы тиіс, деп санайды. Яғни бейнетүсірілім немесе суреті болуы қажет. Қазір олар төтенше жағдай кезінде зардап шеккендерге тегін қызмет көрсете бастады. Олардың айтуынша, сақтандыру келісім-шартында төтенше жағдай кезінде бүлінген көліктерді өтеу көзделмеген. Сондықтан азаматтар осындай қиындыққа тап болып отыр. 

Альбина Бақтиярқызы, адвокат:

- Көлік өртенген жағдайда не істейміз деген елде көп сұрақ туындауда. Енді шын мәнінде келетін болса, бір реттелген механизмі жоқ. Өйткені елімізде мұндай жағдай болмаған. Біз тыныштықта өмір сүрген елміз. Біз енді үкімет тарапынан белгілілі механизмді күтіп жатырмыз. Сол пайда болған жағдайда сіздің қолыңызда дәлелдер болады. Осы жылдан бастап, сақтандыру компаниялары айтып жатыр оны. Жаңа шартқа енгізетін шығармыз деп тармақ.

Алматыда қақтығыс кезінде 350-ден аса көлік бүлінді. Нақты саны әлі де анықталады. Ал өртенген темір тұлпар иелерінің әліптің артын баққаннан басқа амалы жоқ. Әзігре олар ішкі істер органдарына өтініш берумен шектеледі.

Қарлығаш Қайыпбекова, Кенже Амраев