Павлодарда көп қабатты үйдің тұрғындары бүрсең қағып отыр

Павлодар қаласындағы бес бірдей көп қабатты тұрғын үйдің адамдары тоңып отыр. Жаураған жұрт жылу тапшылығына қатысты мәселе жыл сайын қайталанатынын айтады. Амалы таусылған азаматтар жауапты мемлекеттік мекемелердің табалдырығын тоздырып жүр. Шағым бойынша тексеріс жүріп, жылу таратушы ұйымға айыппұл салынды. Алайда мәселе түбегейлі шешілер емес, дейді жұрт.

- Жай, әлсіз ғана жылы. Міне осы. Үйге келгеннен кейін осы жылытқышты қосамыз...

Усолка шағын ауданындағы көп қабатты бес үй тұрғындарының көрген күні осы. Қыс келсе болды, қабат-қабат киініп жүруге мәжбүр. Қосымша жылыту құралдарын да пайдалануды әдетке айналдырған.

Сағадат Қаниев, қала тұрғыны:

- Үйге келгеннен кейін осылай жылы киініп аламыз. Шәпке шешпей, жылынып алғанша. Одеяло осындай, осындай тігіп алған жылы, мәсі сияқты. Сонымен осылай жүреміз.

Шағын аудандағы бұл нысандар өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары бой көтерген. Кей үйлердің пәтер иелері үшін бұл жауыр болған мәселе.

Марина Саманбаева, ПИК төрағасы:

- Жылу температурасы кем дегенде +55 градус болуы шарт. Қысым да талапқа сай келмейді. Тиісті органдарға хат жазып, апта сайын актілер толтырамыз. Бірақ нәтиже жоқ.

Жауапты ұйым өкілдері тұрғындардың шағымы бойынша тексеріс жүргізген. Мәселенің мән-жайын анықтап, олқылықтарды жоюға уәде етті.

Роман Гончеронко, жылу таратушы ұйымның жетекші маманы:

- Жылу желілері мен тораптар дұрыс жұмыс істемегендіктен көп қабатты үйлерде осындай проблема туындап отыр.  Мәселен, Бектұров көшесіндегі баспана құбырының диаметрі нормаға сай болмай шықты. Талап бойынша 76 мм болуы шарт. Ал бұл жерде құбыр диаметрі - 32 мм.

Бұл мәселе бойынша құзырлы органдар да тексеріс жүргізген. Нәтижесінде жылудың тиісті мөлшерде берілмегендігі анықталды. 

Татьяна Цой, Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті қорғау департаментінің бөлім басшысы:

- Табиғи монополиялар заңнамасын бұзу дерегі бойынша үш әкімшілік іс қозғалды. Жауапты ұйымға, яғни Павлодар жылу желілері кәсіпорнына Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстің 164-бабы төртінші бөлігі бойынша 1600 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Бұл 14 млн 702 мың теңге. 

Жауапты ұйым айыппұл төлеумен қатар жылу ақысын қайта есептеуі шарт.

Айта кетейік, дәл осындай шағымдар былтыр да тіркелген. Мәселені түбегейлі шешу үшін ішкі желілердің жұмысын реттеп, қалыпқа келтіру қажет, дейді мамандар.

Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов, Жеңіс Темірболат