ҚМДБ жанынан Ақсақалдар кеңесі құрылды

Қасіретті қаңтар кезінде  елге тоқтау айтып, жастарды жөнге шақыратын абыз ақсақалдардың сөзі аса қажет болғаны хақ.

Осы тұста Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанынан Ақсақалдар кеңесі құрылды.

Бұл туралы Бас мүфти Наурызбай Қажы Тағанұлы айтты.

Бас мүфтидің пікірінше, кей кезде дін қызметкерінің қауқары жетпейтін мәселені ақсақалдар шешіп береді. Осыған орай республикалық ақсақалдар форумында арнайы құжаттарды ұсынып, қазыналы қарияларымыздың пікірін ортаға салып, нақты жұмыстар жүргіземіз  дейді Бас мүфти. Жиынға өңірлерден 80-ге жуық қария қатысты.

Айта кетерлігі, бұған дейін «Ас беру мәдениеті», «Зират және зиярат мәдениеті» құжаттары қабылданған.

Еске салайық, 2022 жылы «Ислам ынтымақ және бірлік діні» деп жарияланған болатын.

Наурызбай қажы Тағанұлы, ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти:

- Осы жылдағы жұмысымызды елдің ынтымағы мен бірлігі үшін шамамыз келгенше жүргізетін боламыз. Форумнан кейін бата беру үлгілерін ақсақалдармен жиын өткізу, еліміздегі аймақтар бойынша сайыс өткізу жоспарланған. Пәтуа сөзі болуы елге аса қажет. Келесі форумда нақты құжаттарды қабылдаймыз деген ниетіміз бар.