Жезқазғанның жаңа тынысы

Ұлытау облысының құрылуы да сол өңірдегі елді мекендердің дамуына жаңа серпін береді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әсіресе, жаңа облыс орталығы болатын Жезқазған қаласының қордаланған мәселелері біртіндеп шешіледі. Егер өңірдің өндірістік әлеуеті, туризм мүмкіндіктері ұтымды пайдаланса, біраз шаруаның басы қайырылады, – дейді жергілікті жұрт.

Әлімхан Исмағұл ақсақалдың отбасы 10 жылдан бері 60 шақырым жердегі бұлақтан су тасып ішеді. Бір барғанда 5 литрлік 80 құтыны толтырып әкеледі. Ал дәмі кермек татитын кран суын тек шаруашылық мақсатқа ғана пайдаланады екен.

Әлімхан Исмағұл, Жезқазған қаласының тұрғыны:

– Краннан аққан суды біз тамаққа, ішуге қолданбаймыз. Халықтың барлығының оны тасып ішуге шамасы да келмейді. Бүйректің ауруы, асқазанның ауруы, онкологиялық ауру біздің қаламызда өте көп.

Жезқазған қаласының тұрғындары 60 жыл болды ауыз судың зардабын тартып келеді. Себебі тіршілік нәрін ашық жатқан Кеңгір су қоймасынан алады. Оның сапасы сын көтермейді. Ал жерасты су көздерінен тартылған құбырлардың әлдеқашан тоз-тозы шыққан. Оны жаңаламай бұл мәселе шешілмейді.

Берік Төребеков, Жезқазған қаласы әкімінің орынбасары:

– Су құбыры әбден тозығына жеткен. Сондықтан тапсырмаға сәйкес бүгінгі таңда жобалық-сметалық құжаттары толығымен дайындалып, мемлекеттік сараптамаға енгізілді осы ақпан айында. «Өңірлік даму бағдарламасы» бойынша Жезқазғанда қазір 219 шақырымды құрайтын ішкі құбырларды ауыстыру жұмыстары жүріп жатыр. Қазіргі таңда соның 75 пайызы орындалып бітті.

Қазір Қарағанды өңіріндегі апатты үйлері ең көп қала – Жезқазған. Бас жоспарға сәйкес алдағы бес жылда мұнда 262 үй сүрілуі тиіс. Бірақ ондағы тұрғындарды өзге баспанамен қамту мәселесі қиындық тудырып келген еді. Енді облыс орталығына айналса, бұл мәселе шешіледі.

Қайрат Әбсаттар, Жезқазған қаласының әкімі:

– Реновация деген қазіргі кезде осы облыс орталықтарында, жердің нарығы сұранысқа ие болып жатқан жерлерде, үйдің нарығы сұранысқа ие болып жатқан жерлерде жақсы іске асатын механизм. Біз моноқала болған кезде ол мүмкін болмады, осы механизмді қолдану. Енді облыс орталығы болып үйдің, жердің өзі сұранысқа ие болған кезде бұл механизмге қызығушылық болады кәсіпкерлік тарапынан.     

Жезді өңірдің жеке дара облыс болуы көптен бері көпшіліктің көкейінде жүрген мәселе. Жұрттың қуанышында шек жоқ. Себебі кезінде облыс мәртебесінен айырылған бұл өңірлерде тұрғындар саны азайып, тұрмыс сапасы төмендеп кеткені рас. Енді өңірге ерекше көңіл бөлініп, біраз шаруалар шешіледі деген сенімде. 

Құлымбет Бірімжанов, Жезқазған қаласының тұрғыны:

– Бір салаға тәуелді қалалардың бірі біз едік. Енді облыс болсақ, бізге жан-жақтан ресурстар, капитал, инвестиция келеді деген сөз. Біздің жастарымыз енді басқа облысқа, басқа қалаларға кетпейтін болады.

Руслан Төлен, Жезқазған қаласының тұрғыны:

– Біз үшін өте ұлкен серпіліс, өте үлкен көңіл-күй сыйлаған сәт болды. Жұмыс орындары, оқу орындары, спорт орындары ашылады деген сөз. Жезқазған қаласы, Жезқазған өңірінің алға басатындығына сенім ұялады.

Қазір мұнда металлургиялық комбинат пен кен шахталары жұмыс істейді. Бір ғана Жезқазған қаласында 6 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі бар. Алдағы уақытта Ұлытау облысы орталығының бас жоспары қайта қаралып, әкімшілік ғимараттар, кадрмен қамту мәселелері жүйелі іске аспақ.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев, Аслан Демесбаев