Оңтүстікте диқандар қираған көпір кесірінен егістік басына шыға алмай отыр

Түркістан облысында бес бірдей ауылдық округтің диқандары екі айдан бері егіс алқабына шыға алмай отыр. Себебі каналды тазарту кезінде жұмысшылар өткелді бұзып кеткен. Соның кесірінен 12 мың гектар суармалы жер игерілмей қалатын түрі бар.

Отырар ауданының дихандарының егіс алқабындағы тірлігі тоқтап тұр. Шаруалар көктемде жерді жыртып, өңдеп егін егуге дайындап қойған. Алайда дайын тұрған жерге дән сеуіп, пісіп тұрған көпжылдық шөпті орып ала алмай отыр. Жекеменшік компаниялардың бірі су тасталатын жерді тазалау кезінде арғы бетке өтетін жалғыз көпірді зақымдаған. Соның салдарынан «Жіпсіз байланып қалдық» дейді шаруалар.

Марат Омаров, шаруа:

- Әлі дән тастаған жоқпыз жерге. Жұрттың жүгерісі көтерілді. Көбісі қарғадан қорғап қалды. Біз әлі тастаған жоқпыз. Күзге үлгерсек десек жол жоқ. Жинап, егіп ала алмай жатырмыз жерге. Трубасының бәрін алып кетіп қалды жаңағы мердігерлер. Күзде ерте жайылып ашылып кетеді. Малға таланғанша оны екпей үйде жатқан жақсы. Сонша шығын шығарып.

Шаруалар талай рет техниканы арғы бетке өткізуге әрекет жасаған. Бірақ одан ештеңе шықпады. Жыртылған мыңдаған гектар алқап бос жатыр. Ал Нұрмахан Әлиев керісінше өсіп тұрған жоңышқасын  ора  алмай жүр. Шалғы салып, қолмен орған күннің өзінде шөпті техникасыз алқаптан алып шығу мүмкін емес дейді ол.

Нұрмахан Алиев, шаруа:

- Енді 10 күнге кешіксе түкке жарамайды. Асты күйіп шіриді. Оны техникаға орғызғанда еңбегіңе арзымай қалады. Техниканың майы бар. Жұмысы бар оны ақтамай қалады.

Ұзындығы 400 шақырым болатын каналды тазалау былтыр басталған. Алайда жұмысшылар бір күнде бәрін тастап іс жарты жолда аяқсыз қалған. Бұған «Қазсушар» мекемесі 4 миллиард теңге бөлген. Мердігер бұл қомақты соманың бір бөлігін алып та үлгірген.

Хамитбек Елкей, Отырар аудандық "Қазсушар" мекемесінің жетекшісі:

- Сол мердігер істей ме? Жоқ әлде контрактті бұза ма, ол жоғары жақтан шешіледі. Бірақ оған дейін қарап жататын уақыт жоқ. Кеше көтерілген мәселе бойынша өз күшімізбен істейміз деп жатырмыз. Бізге рұқсат берсе болды астанадан. Біздің Түркістан филиалында техника жетеді. 

Дихандар еңбегіміз еш кететін болды деп ашулы. Ору мен дән себу науқаны әлде қашан өтіп кеткен. Бұл мәселені жұрт ауыл шаруашылығы министрлігі деңгейінде көтеріп шешуді талап еткен. 

Нұрбол Рысбеков, облыстық кәсіпкерлер палатасының бас маманы:

- Республикалық деңгейде шешілетін болғандықтан Атамекен ұлттық кәсіпкерлік палатасына яғни орталық аппаратқа қызметтік хат жолдаған болатынбыз. 2022 жылы 20 мамырда ауыл шаруашылығы министрі төрағалығымен видеоконференция арқылы 2022 жылдың көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуді үйлестіру жөніндегі республикалық жедел штабтың отырысы өткен болатын. Сол жерде бұл мәселе кәсіпкерлер палатасының атынан көтерілді. 

Сонан кейін көпірді жөндеуге техника жіберілген. Бірақ шаруалар жұмыс қазіргідей тасбақа аяңмен жалғасын болса жақын арада бітпейді деп алаңдап отыр.  

Мәселе дер кезінде шешілмесе егіс алқаптары күйіп дихандар өнімсіз қалатын түрі бар. 

Руслан Бақытбекұлы, Катерина Попкова, Нұрмахан Бекмұратов