ШҚО-да сақтардың кен өңдеген пештері табылды

Сақтардың ірі металлургиялық орталығы шығыстағы Ақбауыр тарихи кешені маңында орналасуы әбден мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір Ұлан ауданында қазба жұмыстарын жүргізіп жатқан археологтар осылай дейді.

Азамат Қасым, тілші:

– Осыдан үш жыл бұрын дәл осы жерден сақтардың 3 мың жыл бұрынғы ежелгі қонысы табылған еді. Археологтардың айтуынша, үш жылдың ішінде оннан астам металлургиялық пештер табылған. Сол пештің ішіндегі ең үлкені мына жерде орналасқан. Сақтар кенді осы жерде балқытқан. Балқытқан кенді мына тастың үстіне әкеп осы жерде өңдеген. Кедір-бұдырларын осы жерде түзеген.

Археолог Айдын Жүнісхановтың айтуынша, сақтар кен өндіруді, оны өңдеу технологиясын өте жоғары деңгейде меңгерген. Кенді тез балқытуға, температура жоғары болуы үшін малдың тезегі мен сүйектерін де пайдаланған. 

Айдын Жүнісханов, археолог:

– Рудан кенін өндіру үшін, қалайыны қағып алу үшін кетпендер пайдаланған кішкентай. Тастан жасалған. Сол кетпендердің түпнұсқаларын одан бөлек кішкентай рудаларды үгітетін келсаптар тапқан болатынбыз осы жерден.

Ақбауырдағы алғашқы қазба жұмыстары 2019 жылы басталды. Сол жылы сақтардың ежелгі қонысы табылған еді. Көлемі 3 мың шаршы метрден асатын аумақтан сақтардың дөңгелек пішіндес үйлерінің орны, қол диірмен, қайрақ секілді қолданған заттары анықталып, елді елең еткізген болатын. Ал биыл Ақбауыр археологиялық экспедициясы 20 мыңнан астам артефактілерді тауыпты.

Әсия Қаражігітова, Ұлттық музейдің ғылыми қызметкері:

– Бұл ескерткіштер ерте темір дәуіріне жатады. Қазір қолымдағы 40-ыншы сектордан табылған қыш ыдыстардың сынықтары ас үйде қолданған. Оларды тапқаннан кейін қайдан табылғанын суретке түсіріп аламыз. Қай жерде, қандай биіктікте табылғанын, барлығын фиксация жасаймыз.

Қазір Ақбауырда қазба жұмыстары қарқын алған. Елордадағы Ұлттық музейдің, Назарбаев университетінің, Алматыдағы Әлкей Марғұлан атындағы археология институтының ғалымдары да, болашақ археологтар да осында жүр. 

Іңкәр Қадылбек, студент:

Қыш ыдыстарды, малдардың сүйектерін, тағы да басқа заттарды іздеп, зерттеп жатырмыз. Табылған әрбір жәдігер бірден тізімге алынады. Қатталып-шотталады. Өйткені далалық зертхана да жұмыс істеп тұр.

Айдос Шотбаев, археолог:

– Археологиялық заттарды лабороториялық жағдайда документация жасау үшін құрастыру жұмыстары жүріп отырады. Мынау бір этапы. Одан кейін мұның бәрі фотоға түсіріледі. Сосын графикалық көшірмесі жасалады. Яғни болашақтағы сараптамаға, ғылыми басылымдарға, музей қорына тапсыруға дайындалып жатыр.

Ақбауырдағы қазба жұмыстары тамыз айына дейін жалғасады. Табылған құнды жәдігер көп. Археолог Зейнолла Самашевтің айтуынша, ежелгі сақ қоныстарынан жақында тағы да сенсациялық артефактілер табылуы әбден мүмкін. Мұндағы бағалы артефактілерді көздің қарашығындай сақтап, зерттеп-зерделеу үшін Бестерек ауылында археологиялық музей ашылмақ.

Авторлары: Азамат Қасым, Дмитрий Пыхтин