Түркістан облысында тұрғындар қалаған жеріне құжатсыз үй салып жатыр

Сайрам ауданы Қарабұлақ ауылдық округінде мыңнан астам баспана құжатсыз салынған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге үй тұрғызуға тыйым бар. Бірақ жұрт оған құлақ аспайды дейді жергілікті билік өкілдері.

Қарабұлақ ауылының тұрғыны Сабыржан Халманов қолында бірде-бір құжаты болмаса да баспана салып жатыр. Жер телімі үй салуға арналмағанын жақсы біледі. Әкімдік тарапынан ескертілген. Бірақ құлақ аспапты. Себебі бір үйде тұратын 4 келін сыйыса алмаған. Сосын отағасы жеке үй салып, екі баласын келінімен бірге бөлек шығармақ болған.

Сабыржан Халманов, Қарабұлақ ауылының тұрғыны:

- Әкімшілік жағынан сұрасақ, жер бермейді. Ақша бермейді. Бәрібір салуымыз керек қой, өмір сүруіміз керек. Күн көру керек. Амал жоқ басқа.

Әбдішүкір Әбдәзімов, Қарабұлақ ауылының тұрғыны:

- Құжатсыз сатып алынған. Көпшілік істеген нәрсені біз де істейміз.

Алпыс мыңға жуық тұрғыны бар Қарабұлақта мыңнан аса үй осылай басып алу әдісімен салынған. Тіпті жергілікті халық құрылыстың заңсыз екенін біле тұра, баспана салуды жалғастырып жатыр. Оны тоқтатуға жергілікті биліктің де, құзырлы органдардың да шамасы жетер емес. Ауыл әкімі тұрғындар «құрылысты тоқтат» деген ескертуді елемей, бір түнде үйдің іргетасын құйып, қабырғасын қалап үлгеретінін айтады.

Камилжон Абдилахатов, Қарабұлақ ауылының әкімі:

- Таңертеңге дейін кірпішін қалап шығып жатқан отбасылар да бар. Өйткені біз үлгере алмай қаламыз. Түнде оларды тоқтату мүмкіншілігі жоқ. Біз түнде келе алмаймыз.

Ресми дерек бойынша, Қарабұлақ ауылдық округінде 7 мыңнан астам адам жердің кезегінде тұр. Соңғы 10 жылдан бері ешкімге жер телімі берілмеген. Алайда ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерге халық үй салып алған. Енді оның құжатын әзірлеу де оңайға соқпайын деп тұр.

Шухратулла Убайдуллаев, Сайрам ауданы әкімінің орынбасары:

- Тек қана сот арқылы меншік иесін таниды немесе кадастр бағасымен Үкіметтен алгоритмге сәйкес сатып алады. Көп халық көнбей жатыр.

Ауылда заңсыз салынған мыңнан аса үйдің тек 28-іне құжат рәсімделген. Өзгелері қаралу үстінде. Тұрғын үйден бөлек, тағы 28 кәсіпкерлік нысан өзге бір шаруа қожалықтың ауыл шаруашылығы мақсатындағы жеріне салынып кеткен. Қазір оларды бұзу бойынша істің сотқа жеткені белгілі болды.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов